KZNews.kz
Жаңалықтар

Марқұм күйеуінің көңілдесі барын білген әйелі сот арқылы 3 миллион долларын қайтарып алды

Қайсар Қанат
shutterstock.com

Қытайда сот марқұм ер адамның көңілдесіне аударылған шамамен 3 миллион АҚШ долларын оның заңды жұбайына қайтару жөнінде шешім шығарды, деп хабарлайды kznews.kz.

South China Morning Post басылымының хабарлауынша, Шанхай қаласының тұрғыны күйеуі қайтыс болғаннан кейін оның 7 жыл бойы жасырын қарым-қатынаста болғанын және сол әйелге ірі көлемде қаржы аударғанын білгенде қатты күйзеліске түскен. Алданған әйел сотқа жүгініп, ақшаны қайтаруды талап еткен, сот оның талабын қанағаттандырды.

Әйел Цзинь тегі бар ер адамға 1999 жылдың шілдесінде тұрмысқа шыққан. 20 жылдан астам некеде олардың бір ұл, бір қызы дүниеге келген. Ер адам 2022 жылдың мамыр айында көз жұмған. Дәл осыдан кейін ғана жұбайы оның 2015 жылдан бері Тао тегі бар әйелмен жасырын қатынаста болғанын анықтаған.

Марқұмның жеке заттарын қарап шыққан әйелі қаржылық аударымдарға қатысты дәлелдер тапқан. Тергеу барысында жеті жыл ішінде Цзиньнің көңілдесіне шамамен 3 миллион доллар бергені белгілі болды. Бұл жайттан жұбайы мүлде хабарсыз болған.

Алданған әйел балаларымен бірге сотқа талап арыз беріп, бұл "сыйлықтарды" заңсыз деп тануды және қаражатты қайтаруды сұраған. Бірінші сатыдағы сот Цзиньнің отбасылық ірі мүлікті жұбайының келісімінсіз жеке өзі иелік етуге құқығы болмағанын атап өтіп, Таоны ақшаны қайтаруға міндеттеді.

Сот шешімінде бұрын қайтарылған 770 мың доллар ескеріліп, қалған соманы толық өтеу жөнінде үкім шығарылды. Таоның апелляциялық шағымы Шанхай қаласының бірінші аралық халық соты тарапынан қанағаттандырылмады.

Сот қаулысында некесіз қарым-қатынас аясында жасалған мұндай «сыйлықтар» тек жұбайының мүліктік құқықтарын ғана емес, сонымен қатар қоғамдық мораль нормаларын да бұзатыны атап өтілді.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →