Қоғам

Маралдыда малдың қырылу себебі әлі анықталған жоқ

Маралдыда малдың қырылу себебі әлі анықталған жоқ

Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты Маралды ауылында сегіз ірі қараның қырылуына байланысты жүргізілген зерттеулер аяқталды.
В Маралды не подтвердились версии заражения и отравления скота

Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, зертханалық талдаулар нәтижесінде жұқпалы аурулар мен улы заттардың белгілері анықталған жоқ, алайда мамандар малдың өлімінің нақты себебін анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша өңірде жедел жұмыс тобы құрылып, оқиға орнына барып, су, топырақ және биоматериал үлгілерін алған. Сонымен қатар дезинфекция және малдарды вакцинациялау жұмыстары жүргізілген.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, аммоний, мұнай өнімдері, цианидтер және ауыр металдар бойынша шекті рұқсат етілген нормадан асу деректері тіркелмеген.

    – Сараптама нәтижесінде сібір жарасы, пастереллез және қарасан сияқты аса қауіпті аурулардың белгілері анықталған жоқ. Токсикологиялық зерттеу де улану іздерін көрсеткен жоқ. Тек натрий хлоридінің деңгейі шамалы жоғары болғаны байқалды, – деді Маралды ауылында өткен кездесу барысында ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сагандыков.

Оның айтуынша, зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар жем-шөп, су және топырақ құрамын қосымша тексеріп, барлық ықтимал факторларды анықтайды. Ұқсас зертханалық сынамалар Үлкен-Нарын ауданының Балғын және Көктерек ауылдарында да жүргізілмек.

Қазіргі таңда Маралдыдағы эпизоотиялық жағдай тұрақты деп бағаланып отыр. Жаңа мал өлімі тіркелмеген. Ветеринарлар күн сайын малдың жағдайын бақылап, жайылым мен суаттан қосымша сынамалар алып отырады.

Осылайша, жұқпалы ауру немесе химиялық улану нұсқасы расталған жоқ, дегенмен малдың қырылуына себеп болған нақты фактор әзірге анықталмады.

Бұған дейін ШҚО экологтары халық шағымынан соң Маралды ауылындағы ауа сапасын тексеретінін жазғанбыз.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz