Қазақстанның халық әртісі Мақпал Жүнісова марқұм саясаткер Заманбек Нұрқаділовті еске алып, оның өліміне қатысты ресми тұжырымға көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Өнер иесі журналист Дина Төлепбергенге берген сұхбатында көп жылдан бері көкейінде жүрген ойын бөлісті. Әнші, ең алдымен, Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты "өзін-өзі атты" деген тұжырымды алып тастау қажет деп есептейтінін жеткізді.
“Атын атап, түсін түстеп, өзін-өзі атты деген пунктті алып тастау керек. Содан кейін ғана ескерткіш қоя ма, мұражай аша ма – дұрыс болар еді. Сол ‘өзін-өзі атты’ деген нәрсе әлі тұр ғой. Соған қарамастан ескерткіш ашамыз дейді. Ол кісі тіріліп келе ме? Адамның артында ‘қинап өлтірді, атып өлтірді, ұрып өлтірді’ деген әңгіме қалды. Қатты ұрған дейді. Жуындырған адамдар айтты. Белінде үш жерден сынық болған екен. Сонда тепкен болып тұр ғой. Соның бәрі ашылмағанына жүрегім ауырады”, – деді Мақпал Жүнісова.
Халық әртісі Заманбек Нұрқаділовке қатысты естеліктердің, оның жеке заттары мен еңбектерінің сақталуы маңызды екенін де айтты. Жүнісованың сөзінше, жақында марқұм саясаткерге арналған мұражай ашылуы мүмкін. Сол себепті ол Нұрқаділовке тиесілі кітаптар мен кейбір заттарды өткізіп қойғанын, қалғанын кейін беретінін жеткізді.
Сұхбат барысында әнші бұған дейін үйін сатуға шығарғанына да тоқталды. Айтуынша, қазір ол шешімінен бас тартқан.
“Үйді сатамын деп шығарған кезімді есіме салмай-ақ қой. Өтті де кетті. Әңгіме айтылған жерінде қалсын. Сатпайтын болдым. Бірақ жақында Зәкеңе мұражай ашылады деп естідім. Сол жаққа бүкіл дүниесін өткізіп бермекпін. Осы күнге дейін кітаптары мен заттарын беріп жібердім. Қалғанын кейін беремін. Басқа амалым жоқ. Ескі үй болған соң жылуы аздау болып тұр. Биыл күрделі жөндеуден өткіздім. Құбырлары жарылып, азып-тозып кетті. Кезінде Зәкең Мерейді осы үйден ұзатамын деп салған болатын. Оны туыстардың бәрі білді. Ол күнге жете алмады”, – деді өнер иесі.