Маңызды мегаполис: Алматының өндірісі экономиканың жаңа тірегіне айнала ма?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Маңызды мегаполис: Алматының өндірісі экономиканың жаңа тірегіне айнала ма?

Маңызды мегаполис: Алматының өндірісі экономиканың жаңа тірегіне айнала ма?
Фото: AI көмегімен жасалған.

Жалпы, Алматы қаласының ел дамуындағы орыны туралы сөз қозғалса, көпшілік ең алдымен қаржы, сауда және қызмет көрсету салаларын елестетеді. Алайда, соңғы жылдары мегаполис экономикасында өндірістің үлесі артып, өңдеу саласы қаланың тұрақты дамуының маңызды факторына айналып келеді.

Яғни, өңдеу өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, құрылыс материалдарын өндіру және логистика бағыттарындағы өсім Алматының экономикалық құрылымының өзгеріп жатқанын аңғартады.

Мысалы, 2026 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бұл үрдісті нақтылай түсті. Қала әкімдігінің мәліметінше, қаңтар - мамыр айларында Алматының өнеркәсіп өндірісінің көлемі 931,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,8 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 743,2 млрд теңгені құрап, өсім 32,1 пайызды көрсеткен. Бұл қаланың өндірістік әлеуеті күшейіп келе жатқанын білдіретін маңызды көрсеткіш.

Жалпы, Алматы экономикасының басты ерекшелігі шикізат өндірісіне емес, қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беруінде. Бүгінде машина жасау, фармацевтика, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі және құрылыс материалдарын шығару салалары қаланың индустриялық дамуының негізгі драйверлеріне айналып отыр.

Әсіресе, машина жасау саласы жаңа серпін алып келеді. Автомобиль жасау, электр техникасын шығару, өндірістік жабдықтар құрастыру және қосалқы бөлшектер өндірісі қаланың технологиялық деңгейін көтеріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Бұл бағыт еліміздің импортқа тәуелділігін азайтуға да ықпал етеді.

Өндірістің дамуына Алматының индустриялық аймағы ерекше үлес қосып отыр. Мұнда жаңа кәсіпорындар іске қосылып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Инженерлік инфрақұрылымның дайын болуы инвесторлардың қызығушылығын арттырып, жаңа өндірістердің ашылуына жол ашуда.

Құрылыс саласы да өндірістік сектордың маңызды бөлігі болып қала береді. Халық санының тұрақты өсуі тұрғын үйге, әлеуметтік нысандарға және инженерлік инфрақұрылымға сұранысты арттырды. Соның нәтижесінде құрылыс материалдарын өндіру, металл өңдеу және логистика салалары да қатар дамып келеді.

Алматының тағы бір артықшылығы ғылыми және кадрлық әлеуетінде десек қателеспейміз. Қаладағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтары өнеркәсіпке қажетті инженерлер мен технологтарды даярлайды. Бұл өндірісті цифрландыруға, автоматтандыруға және инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Дегенмен, шешімін күткен мәселелер де жоқ емес екен. Өндіріс орындарының экологиялық қауіпсіздігін арттыру, энергия тиімді технологияларды енгізу, жоғары білікті инженерлік кадрлар тапшылығын азайту және экспортқа бағдарланған өндірістердің санын көбейту алдағы кезеңнің негізгі міндеттері болып қала береді.

Айтпақшы, Президент жүктеген экономиканы әртараптандыру міндетін жүзеге асыруда да Алматының орны ерекше. Өйткені, мегаполис тек ең ірі тұтыну нарығы ғана емес, инвестиция, ғылым, инновация және өндіріс тоғысқан орталыққа айналып келеді.

Сонымен, биылғы нақты нәтижелер Алматының қызмет көрсету экономикасымен қатар өндірістік әлеуеті де қарқынды дамып жатқанын көрсетті. Бұл үрдіс сақталса, алдағы жылдары мегаполис Қазақстанның жоғары технологиялы өндіріс орталығы ретіндегі позициясын одан әрі нығайта түсетіні анық.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.