Ұсталғандардың арасында Қарулы күштер Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы, екі әскери бөлімнің командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасының және катердің командирлері бар.
Олардың барлығы күдікті деп танылып, Ақтау қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша ІІМ-нің әскери-тергеу бөлімшесі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Ақтау қаласынан 43 шақырым жерде, Каспий теңізінің жағалауында болған.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайда «Қайсар» катерінен жеке құрамды жағаға түсіру кезінде әскери қызметшілерді теңізге алып кеткен.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.