Қоғам

Маңғыстауда полиция басшысы мен орыбасарлары қылмыстық топ құрды деген ақпарат тарады

Маңғыстауда полиция басшысы мен орыбасарлары қылмыстық топ құрды деген ақпарат тарады

Әлеуметтік желіде Маңғыстау облысының бас полицейі Сағындық Аяғанов пен орынбасарлары қылмыстық топ құрды деген анонимді хат тарады, деп хабарлайды kznews.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының полиция департаментін ішкі істер министрлігінің арнайы комиссиясы тексеріп жатыр.

Авторлары беймәлім аноним хатта департамент басшысы, генерал Сағындық Аяғановқа сыбайластары арқылы жалған сатып алулар рәсімдеп, алдын ала келісілген мекемелерге тендер ұтқызды деген айып тағылған.

Өтініш келесі лауазымды тұлғаларға жолданды: Қазақстан Республикасының Президенті Қ. Қ. Тоқаевқа, ҚР Бас прокуроры Б. Асловқа, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Е. Сағымбаевқа және Қазақстан Республикасының ішкі істер министрі Е. Саденовке.

Сондай-ақ қызметкерлерді іс атқарылмаса да, актілерге қол қоюға мәжбүрледі делінген.

Хатта ведомствоның тылдық қамтамасыз ету басқармасы, ақпараттық байланыс басқармасы және қаржылық қамтамасыз ету басқармасының қызметкерлері ҰҚК орталық аппаратының қатысуымен тәуелсіз кешенді тексеру жүргізуді талап еткен. Олар барлық құрылыс нысандарына, жөндеу жұмыстарына және сатып алуларға сот сараптамаларын тағайындауды, Аяғанов пен оның айналасындағы адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ дәлелдері бар қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрайды. Бұдан бөлек, хат авторлары жемқорлық көріністерінің жолын кесіп, заңдылықты қалпына келтіруге шақырады.

Полиция департаменті мұны жоққа шығарып отыр. Тіпті хаттағы мәліметті тексеру үшін ішкі істер министрлігінен комиссияны департамент бастығы өзі шақырған. Комиссия енді хаттағы әр айтылған деректің рас-өтірігін анықтамақ.

“Сіздерден жалған ақпарат таратпауды сұраймыз. Интернетте әдейі бұрмаланған мәліметтерді жариялау және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы. Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз. Мұндай әрекеттер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіріп, ауыр құқықтық салдарға әкеледі”, – деп ескертті облыстық полиция.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz