Маңғыстау облысында көлік прокуратурасының қызметкері алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға Ақтаудың 33-шағын ауданында болған. Ұсталған адамның жанынан 2,5 миллион теңге табылған.
Бұл ақпаратты Бас прокуратураның баспасөз қызметі растады, бірақ табылған ақшаның сомасына қатысты түсініктеме берілген жоқ.
«Ішкі қауіпсіздік басқармасы мен ҰҚК департаменті 2025 жылғы 9 қарашада Маңғыстау көлік прокуратурасының қызметкерін алаяқтық әрекеттер жасады деген күдікпен ұстады,» – деп мәлімдеді ведомство.
Қазір бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Бас прокуратура Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайтынын атап өтті.
Белгілі болғандай, күдікті мемлекеттік қызметші 2024 жылдан бері бала күтіміне байланысты демалыста болған, сондықтан өз қызметтік міндетін атқармаған.