KZNEWS.KZ
Аймақ

Маңғыстау ауданында биыл 3 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жиналды

• Айжан Сыланова

Маңғыстау ауданында егін шаруашылығын дамытуға және жергілікті өнім көлемін арттыруға басымдық беріліп келеді. Бүгінде ауданда бақша және көкөніс дақылдары Жыңғылды, Шетпе, Онды, Шайыр және Отпан ауылдық округтері мен Ақтөбе ауылында өсіріледі, деп хабарлайды kznews.kz.

Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2025 жылы ауданда 222,5 гектар жерге егін егілсе, 2026 жылы бұл жұмыстармен 28 шаруа қожалығы айналысып, 193,5 гектар алқапты игерді. Оның 182,5 гектарында тамшылатып суару технологиясы қолданылды. Атап айтқанда, 72,6 гектарға көкөніс, 106,9 гектарға бақша дақылдары, 14 гектарға жоңышқа егілді. Сонымен қатар жеміс ағаштарының алқабы 17 гектарды құрайды.

Биыл аудан бойынша егін шаруашылығынан 3 349,42 тонна өнім жиналды. Оның ішінде 1 797 тонна бақша дақылы, 1 441,77 тонна көкөніс, 80 тонна жоңышқа және 3,65 тонна жеміс бар.

Жылыжай шаруашылығы да дамып келеді. Мәселен, Шетпе ауылындағы «Нұржау» жылыжайы 0,8 гектар аумаққа қияр егіп, 20 тонна өнім жинаған. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау аясында тыңайтқыш сатып алған шаруалардың шығынының 50 пайызы субсидияланады.

Сонымен қатар жергілікті өнім өндірушілердің нарыққа шығуына жағдай жасалуда. Аудан шаруаларына Ақтау қаласындағы маусымдық сауда орындарында өнімдерін өткізу мүмкіндігі ұсынылды. Нәтижесінде ниет білдірген егіншілер делдалсыз, тікелей тұтынушыларға өнімдерін сатуға мүмкіндік алды.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →