Танымал журналист Аман Тасығанның отбасында қайғылы жағдай болды. Журналистің әжесі өмірден өтті, деп хабарлайды kznews.kz.
Қаралы хабарды Аман Тасыған әлеуметтік желідегі парақшасында өзі бөлісті. Ол әжесінің былтыр түсірілген видеосын жариялап, жүрек тебірентерлік жазба қалдырды.
Журналистің айтуынша, бір жыл бұрын ғана әжесі орталарына аман-есен жүріп, ақылын айтып, батасын беріп отырған. Алайда бүгінде ол кісіні өткен шақпен еске алуға мәжбүр екенін жазды.
Аман Тасыған әжесін өміріндегі ең жақын, ең қымбат адамдарының бірі деп атады. Оның сөзінше, журналист болып ел алдына шығуына да әжесінің берген тәрбиесі ерекше әсер еткен.
"Кемеңгерім, ақылшым, тектім бүгін біздің жанымызда жоқ. Журналист болып ел алдына шығуым осы асыл апамның текті тәрбиесінің арқасында", – деп жазды ол.
Журналист жақындарының жұбату сөздеріне алғыс айтты. Дегенмен әжесіне деген сағынышы мен өкініші жүрегін ауыртатынын жасырмады.
Ол әжесінің 90 жасқа келгенін, балаларының алдында өмірден өткенін айтқан жұрттың жұбатуын түсінетінін жеткізді. Бірақ өзінің әжесіне қатысты әлі де орындалмаған армандары көп болғанын жазды.
"Апамның арманы жоқ шығар, бірақ менің апама қатысты арманым көп еді…"– деп күйінді журналист.
Аман Тасыған жазбасын әжесіне арнаған қоштасу сөзімен аяқтап, жатқан жерінің жайлы болуын тіледі.