Сәбит Мұқановпен қалай танысты?
Мәлік жастайынан еті тірі, ақылды, қайсар бала болып өседі. 8 жасынан ауылынан 2 шақырым жерде орналасқан Құлет ауылындағы мектепке барады. Онда бастауыш сыныпты аяқтап, Көкшетау қаласындағы коммуна мектебіне қабылданады. Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек жазушы Сәбит Мұқанов пен Мәліктің қалай танысқанын былайша суреттейді:"Сәбит Мұқанов іс-сапармен Көкшетау қаласындағы вокзалға келеді. Онда бір жауынгер тұтқынды алдына салып, айдап барады екен. Қолында қызыл шүберек байланған, қасында бір пионер бар. Баланың түрі есімде қалып қойды. Кейін танысымның үйіне барып демалдым. Біраз уақыттан соң, мені "сізді бір бала шақырып тұр" деп үйдің иесі оятты. Оянсам, бағана вокзалдан көрген бала маған келіп сәлем беріп тұр екен. Ол маған "сізді мектепке кездесуге шақыруға келдім. Атым Мәлік деп өзін таныстырды. Мен мектепке баруға келісімімді бердім".
Кейін қазақ жазушысы Мәліктің шығармаршалық қабілетін қалай байқағанын жазады. "Мені мұғалімнен бастап, оқушыларлың өзі жылы қабылдады. Оқушылармен кездесуді өткіздім. Сол кездесуде Мәлік атты бала менің шығармашылығым туралы жақсы баяндама жасады. Мен сүйсіндім", - дейді Сәбит Мұқанов өз естеліктерінде. 14 жасында Мәлік сол кездегі қазақ елінің астанасы Алматыға оқуға аттанады. Ол алғашында ауыл шаруашылығы институтының дайындық курсында білім алады. Бірақ кейін ойын өзгертіп, басқа мамандықты таңдайды.Алғашқы қызмет
Мәлік Ғабдуллин 1931 жылдың қыркүйегінен 1935 жылдың шілдесіне дейін Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институттың "Қазақ тілі мен әдебиеті" бөлімінің студенті болды. 1935 жылдан 1937 жылдың қарашасына дейін Мәлік Ғабдуллин Өзбек КСР Ферғана қаласында отан алдындағы борышын өтейді. Кейін 1937 жылы "Социалистік Қазақстан" газетінде әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады. 1938 жылы "Қазақстан пионері" газеті редакторының орынбасары, КСРО ғылым академиясының қазақстандық филиалындағы тіл және әдебиет институтында ғылыми қызметкер міндетін атқарады.Отан үшін от кешкен жауынгер
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталады. Мәлік Ғабдуллин алғашқылардың бірі болып өз еркімен майданға аттанады. Ол соғыста аға саяси жетекші (политрук) болады."Ол жауынгерлердің рухын көтеруге бар күшін салды. Соғысқа аттанған қазақтардың көбі орысша білген жоқ. Мәлік ағамыз олардың арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Қазақ әскерлерінің рухын көтеріп, оларға білгенін үйретеді", - дейді Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры Мұратбек Оспанов "Өмір жолы" деректі фильмінде.
Батырдың ерлігі
Мәлік Ғабдуллин майданда Иван Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизияда шайқасады. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік әскерлердің біразына басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистерге жойқын соққы береді. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқастарда стратегиялық маңызы зор Бородино селосын жаудан тазартуда ерлігімен көзге түседі. "Немістер шабуыл жасаған сәтте Мәлік бастаған топ соғыстың алдыңғы шебінде болады. Олармен байланыс үзілді. Басшылықтан "кері шегініңдер" деген бұйрық болады. Бірақ алдыңғы шептегі әскерлер оны естімей, қоршауда қалып қояды. Кейін Мәлік ағамыз әскерімен бірге қоршауға түскенін есіне алады. Ол барлық жауынгерді сапқа тұрғызып, "шепті не бұзамыз, не өлеміз. Жауға берілуге болмайды" дейді. Осылайша, ол жау қоршауын бұзып шығады", - дейді Мұратбек Оспанов."Мәлік атым құрып кетсін"
Мәлік Ғабдуллин қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың қазасынан кейін оған Кеңес Одағының батыры атағын бергізу үшін бар күшін салады. Ұлы отан соғысына қатысқан Байуақ ардагер жағдайды былайша есіне алады: "Мәлік Мәншүктің қазасын ести салысымен, дереу Невель қаласына келеді. "Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?"деп жанындағы әскерлерге сауал жолдайды. Олар Мәншүкті екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік Ғабдуллин қатты ашуланып "Алматы мен Мәскеудің арасы мейлі, 4 мың-ақ шақырым болсын. Қазақтың жиырмаға жаңа толған қызы алыстан Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі ерлік емес пе? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар.Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барамын. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем" деп қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді", - дейді ардагер өз естілігінде.
6 ай өткен соң 1944 жылы 5 наурызда Мәншүк Мәметоваға Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.