Мальдив аралдарында бал айында жүрген испаниялық туристке акула шабуыл жасап, аяғын жұлып кеткен, деп хабарлайды kznews.kz Daily Mail басылымына сілтеме жасап.
Испаниялық дәрігер Борха мен оның жары Ана үйленген соң алғашқы демалысын Мальдивте өткізбек болған. Жас жұбайлар Кудду аралындағы жағалауда, балық өңдеу зауытының маңында суға түскен. Дәл сол сәтте ер адамға акула шабуыл жасаған. Бір тістегенде оның аяғындағы етті толық жұлып кеткен.
Көп қан жоғалтқан турист тікұшақпен Мале қаласына жеткізілді. Дәрігерлер зақымданған аяғын ампутациялауға мәжбүр болған. Қазір ер адам жансақтау бөлімінде ауыр хәлде жатыр.
Етеккір кезінде суға түскен бойжеткен акуланың құрбаны болдыОқыңыз
Жергілікті БАҚ мәліметінше, Куддудағы зауыт бір аптаға жуық уақыт бойы балық қалдықтарын теңізге төкпеген. Сарапшылардың пікірінше, осы жағдай акулалардың ашығып, агрессив күйге түсуіне себеп болуы мүмкін.
Жәбірленушінің жұбайы бұл экскурсияны ұйымдастырған компанияны немқұрайдылық танытты деп айыптап, ресми шағым түсірген.
Айта кетейік, Мальдив аралдарында акуланың 31 түрі мекендейді.