Франция президенті Эммануэль Макрон жексенбі күні, 18 қазан кешінде елдегі жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты халыққа үндеу жасады, деп хабарлайды kznews.kz RFI сайтына сілтеме жасап.
"Бірнеше жүздеген полицей мен жандарм жараланды. Осы кадрларды көріп отырып, бәріміз де: "Олар не ойлайды? Француздар Францияға қалайша бұлай істей алады? Лимождағы ратушаны, Лиондағы туристік бюроны өртеп, Марсельдегі ратушаға басып кіру немесе Бордодағы префект резиденциясына шабуыл жасаудың не қажеті бар? Олар қалайша мұндай қадамға барды? Бұған ешқандай негіз де, түсіндірме де, кешірім де жоқ. Бүгін кешке бәріміз де ыза мен ұятты сезініп отырмыз", - деді Макрон бүліктер мен өрт қою оқиғаларына қатысты.
Тәртіпсіздіктерге ол "қылмыстық элементтер қосылған ультрасолшыл топтардың бүлікшілерін" айыптады.
"Тәртіп бұзушылар мен зорлық-зомбылыққа жүгінгендердің бәріне ашық айтқым келеді. Біз ымыраға келмейміз. Тыңдауға және диалогқа дайын болу - әлсіздік немесе жазасыздық емес", - деп мәлімдеді Франция басшысы.
"Қиратқандар төлеуі тиіс. Тонаушылар шығынды өтеуі керек. Республиканы құлатқысы келгендер бұл үшін жауап береді", - деп атап өткен Макрон тәртіпсіздіктер кезінде құқық бұзғандарды сот алдында жауапқа тартуға уәде берді.
Макрон үкіметке болған оқиғадан барлау және болжау тұрғысынан барлық қажетті сабақтарды шығаруды және мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін шара қолдануды тапсырғанын айтты.
Мемлекет басшысы саяси партиялар мен кәсіподақ ұйымдарын "кез келген зорлық-зомбылықты біржола айыптап, сабырлыққа шақыруға" үндеді.
"Елге эскалация емес, тәртіп пен тыныштық керек", - деп қадап айтты ол.
Президент құқық қорғау органдарына, мэрлерге және өз дүкендерін бүлікшілерден қорғаған кәсіпкерлерге қолдау білдірді. Соңғыларына ол үкімет тарапынан көмек көрсетілетініне уәде берді.
Макрон бүлікшілерді бағаның өсуі мен қымбат отынға қарсы шыққан бейбіт шерушілермен шатастырмауға шақырды.
Ол отын бағасының өсуі Таяу Шығыстағы соғыс салдарымен байланысты екенін атап өтті. Макрон дүйсенбіден бастап Францияны отынмен және газбен қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерін жалғастыратынын, осы мақсатта Парсы шығанағы елдеріне баратынын айтты.
Мемлекет басшысы мектептер мен университеттердегі жастар білдіріп жатқан "терең алаңдаушылықты" түсінетінін де жеткізді. Ол жастардың болашаққа, өмір сүру мен оқу жағдайларына, өмірлік жолды таңдауға және қоғамдағы орнына қатысты қауіптеріне тоқталды.
"Олардың дауысы естілуі керек - ешқандай алалаусыз және қазіргі қиындықтарды жоққа шығармай", - деп мәлімдеген ол, үкімет бұл мәселелерді шешуге кіріскенін айтып сендірді.
Сенбі, 17 қазан күні Францияда өмір сүрудің қымбаттауына қарсы наразылықтар өтіп, оған түрлі есептеулер бойынша 500 мыңнан 800 мыңға дейін адам қатысты. Наразылықтар жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Парижде бүлікшілер автокөліктер мен ондаған дүкенді қиратты. Марсельде олар мэрия ғимаратына басып кірсе, Лионда қалалық туристік кеңсенің ғимаратын өртеп жіберді. Полиция бүкіл ел бойынша 2000-нан астам адамды ұстады.
Бұл демонстрациялар оқу жылының басында мектеп оқушыларының наразылығынан басталған акциялардың жалғасы болды. Оқушылар үкіметтен білім беру жүйесін қаржыландыруды ұлғайтуды және жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын реформалауды талап еткен еді.
Көп ұзамай мектеп оқушыларына студенттер, кәсіподақтар, фермерлер және "сары жилеттілер" қозғалысының өкілдері қосылды. Олардың барлығы Франциядағы бюджет дағдарысы аясында байқалып отырған өмір сүрудің қымбаттауына қарсы шықты.