Майлы дақылдар экспорты миллиард долларлық межеге жақындады
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Майлы дақылдар экспорты миллиард долларлық межеге жақындады

Майлы дақылдар экспорты миллиард долларлық межеге жақындады
Фото: Baltionline.md

Еліміздің агроөнеркәсіп кешені май-тоңмай өнеркәсібі бойынша экспорттық әлеуетін күшейтіп, Орталық Азия нарығындағы көшбасшылығын нығайтып келеді.

Атап айтқанда, биылғы маркетингтік жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстан шетелге өсімдік майы, шрот пен күнжараны қоса алғанда, жалпы құны 944 млн доллар болатын өнім экспорттаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 331 млн долларға немесе 54 пайызға көп.

Экспортты ең маңызды бағыттардың бірі Өзбекстан нарығы болып отыр. Яғни, біз көрші елге өсімдік майын жеткізуден екінші жыл қатарынан көш бастап отырмыз. 2025 жылдың қыркүйегінен 2026 жылдың мамырына дейін Қазақстан Өзбекстанға 553 мың тонна май-тоңмай өнімін экспорттаған. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 130,8 мың тоннаға немесе 31 пайызға артық. Осылайша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның өсімдік майы нарығындағы Қазақстанның үлесі 90 пайыздан асқан.

Бұл көрсеткіш екі ел арасындағы аграрлық-сауда байланысының ауқымын ғана емес, Қазақстанның өңірдегі майлы дақылдарды өңдеу саласында қалыптасқан өндірістік артықшылығын да көрсетеді.

Мұндағы басты өзгеріс ретінде Қазақстанның шикізат экспортынан дайын өнім экспортына біртіндеп бет бұруын айтуымыз керек. Елдегі майлы дақылдарды өңдеу қуаты қазірдің өзінде жылына 5,2 млн тоннадан асады. Оның ішінде күнбағысты өңдеу қуаты 4,4 млн тоннаға жеткен. Бұл Өзбекстандағы жиынтық өңдеу қуатынан шамамен 700 мың тоннаға көп.

Жалпы, өңдеу өнеркәсібінің кеңеюі экспорттық табыстың өсуіне тікелей әсер етіп отыр. Болжам бойынша, ағымдағы маркетингтік жылдың соңына қарай Қазақстанның өсімдік майы, шрот және күнжара экспортының жалпы құны 1,15 млрд доллардан асуы мүмкін.

Ал 2028 жылға қарай жаңа кәсіпорындардың іске қосылуы есебінен май-тоңмай саласының жалпы өндірістік қуатын 8 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Егер бұл жоспар жүзеге асса, Қазақстанның тек шикізат өндіруші емес, өңделген аграрлық өнімді экспорттайтын ірі ел ретіндегі позициясы одан әрі күшейе түспек.

Бүгінде қазақстандық май-тоңмай өнімдері жиырмадан астам елге жөнелтіледі. Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерінің күнбағыс шроты жөніндегі сұранысын толық қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар, ел күнбағыс майын экспорттау көлемі бойынша әлемде алтыншы орында.

Тоқетерін айтқанда, бұл саланың алға қойған келесі мақсаты бұдан да ауқымды екен. Яғни, еліміз әлемдегі өсімдік майын экспорттаушы ең үздік үш елдің қатарына еніп, экспорттық түсімді 2 млрд долларға дейін жеткізуді көздейді.

Қайталап айтамыз, бұл жерде маңызды мәселе экспорт көлемінің ғана емес, оның құрылымының өзгеруінде тұр. Яғни, Қазақстан үшін майлы дақылдарды өсіріп, шетелге шикізат ретінде сатудан гөрі, оны ел ішінде өңдеп, дайын май, шрот пен күнжара түрінде экспорттау әлдеқайда тиімді. Өйткені, қосылған құнның негізгі бөлігі дәл осы өңдеу кезеңінде қалыптасады.

Алайда, Өзбекстан нарығындағы 90 пайыздан астам үлес Қазақстан агросекторы үшін үлкен мүмкіндікпен қатар, белгілі бір тәуекелді де білдіреді екен. Ендігі жерде бір ғана нарыққа шамадан тыс тәуелді болмау үшін экспорт географиясын кеңейтіп, Қытай, Таяу Шығыс, Оңтүстік Азия және басқа да үлкен бағыттарға шығу маңызды болып отыр.

Қысқасы, еліміздің май-тоңмай өндірісі саласы қазір агроөнеркәсіптік кешендегі жаңа экспорттық драйверлердің біріне айналып келеді. 944 млн долларлық қазіргі нәтиже, 1,15 млрд доллардан асатын қысқа мерзімді болжам және 2 млрд долларлық стратегиялық мақсат бұл саланың ел экономикасындағы рөлі алдағы жылдары айтарлықтай артуы мүмкін екенін көрсетеді.

Автор
Қалмаханбет Мұқаметқали

Қалмаханбет Мұқаметқали, журналист. І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің түлегі. Журналистикада 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.