KZNews.kz
Шоу-бизнес

“Маған сабақ болды”: Мадияр Серікбаев Құдайберген Бекіштен кешірім сұрады (ВИДЕО)

Айжан Сыланова
Фото: видеодан скриншот

«Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының жетекшісі Мадияр Серікбаев белгілі әнші Құдайберген Бекіштен ресми түрде кешірім сұрады. Бұл мәлімдеме бұған дейін өнер иесінің рұқсатынсыз жасалған пародияға байланысты айтылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Өз үндеуінде театр басшысы Құдайберген Бекішке әрдайым ерекше құрметпен қарайтынын, оның қазақ өнеріндегі орны мен шығармашылығын жоғары бағалайтынын атап өтті. Сондай-ақ сол кезеңде дер кезінде кешірім сұрай алмағанына өкініш білдіріп, бұл жағдайдың өзіне де оңай тимегенін жасырмады.

Мадияр Серікбаевтың айтуынша, әншінің сахнадағы болмысы, дауысы мен кәсіби шеберлігі оның өзі үшін де, көптеген өнерпаздар үшін де үлгі болған. Пародия ешбір әжуа немесе жағымсыз мақсатты көздемегенімен, авторлық құқық пен этикалық шекара тұрғысынан қателік кеткенін ашық мойындады.

«Өнер адамдары бір-біріне құрметпен қарауы тиіс. Бұл жағдай маған үлкен сабақ болды», – деді ол.

Аталған кешірім әлеуметтік желілерде жарияланып, желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланды. Көпшілік өнер иесінің ашық түрде жауапкершілік алып, кешірім сұрауын оң бағалап, бұл қадамды мәдениет пен кәсібиліктің көрінісі ретінде қабылдады.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →