Әлеуметтік желілерде қозғалыссыз тұрған LRT вагондарының видеолары кең тарады. Осыған байланысты компания өкілдері кідірістердің себебін түсіндірді, деп хабарлайды kznews.kz.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, кей жолаушылар қауіпсіздік ережелерін бұзып, станциядағы шұғыл тоқтату батырмаларын негізсіз басқан. Сонымен қатар вагон ішіндегі апаттық тетіктерді қосып, есіктердің жабылуына кедергі келтірген жағдайлар тіркелген. Тіпті кейбір адамдар пойыз есігін ішінен өз бетінше ашуға әрекет жасаған.
Компания LRT жүйесі толық автоматтандырылғанын атап өтті. Сондықтан мұндай әрекеттер жүйе тарапынан қауіп ретінде қабылданып, пойыз қозғалысы автоматты түрде тоқтатылады.
Сондай-ақ барлық заңбұзушылық бейнебақылау камераларына жазылып алынатыны хабарланды. Компания деректер полицияға жолданып, кінәлілер заң аясында жауапқа тартылатынын мәлімдеді.