Лондонға бара жатқан Air Astana ұшағы неге аяқ астынан Атырауға қонғаны белгілі болды

Желіде ұшақ шұғыл түрде қонды деген ақпарат тараған
Air Astana әуе компаниясы бүгін Алматыдан Лондонға бағыт алған ұшақ не себепті Атырауға қонғанын түсіндірді, деп хабарлайды Kznews.kz
Әлеуметтік желіде Лондонға ұшып бара жатқан Air Astana ұшағы Атырауға шұғыл түрде қонғаны туралы ақпарат тарады. Алайда әуе компанияның баспасөз қызметі ұшақ шұғыл емес, жанармай құйып алу үшін аялдады дейді.
«23 маусымда Алматы-Лондон бағыты бойынша KC663 рейсін орындаған Air Astana әуе компаниясының ұшағы қарсы жел салдарынан пайдалы жүктеме бойынша шектеулерді болдырмау үшін жанармай құю үшін Атырау әуежайына қонған», - делінген хабарламада.
SCAT әуе компаниясының рейстерінде де кідіріс бар
Бүгін, 2025 жылдың 23 маусымы күні SCAT әуе компаниясының да халықаралық және ішкі рейстерінде өзгеріс болады.
Бұл туралы компания әлеуметтік желідегі парақшаларында хабарлаған. Дереккөзге сүйенсек, компанияның ұшақтарына зақым келгендіктен, бірнеше рейс кешігеді. Ал, бірнеше елдегі соғысқа байланысты бір рейс тіпті тоқтап қалған.
Үш рейс кешігіп, бір рейс тоқтайды
2025 жылғы 23 маусымда мына үш бағыттағы рейстер кешігеді:
- Алматы – Шарм-эль-Шейх
- Алматы – Анталья
- Анталья – Алматы
«Сондай-ақ, халықаралық жағдайға және кейбір елдердің аспанында шектеу енгендіктен, 2025 жылғы 23 маусымға жоспарланған Астана – Доха рейсі ұшпайды», - деп хабарлады компания.
Бір емес, бірнеше қалада ұшаққа құстар соғылған
Сондай-ақ, компанияның баспасөз қызметі хабарлап отырғандай, бірнеше қаланың үстінен ұшқан кезде компанияның ұшақтарына құстар соғылған.
«Бірқатар қалаларда әуе компаниясының ұшақтарына құстар соғылып, ұшақтарға зақым келді. Мұндай жағдайлар форс-мажорға жатады, сондықтан, компания форс-мажорды болжап, бақылай алмайды», - деп мәлімдеген компания.
Дегенмен, форс-мажорға байланысты кешіккен рейстің жолаушыларына компания қонақ үй мен тамақ ұсынуға міндетті.