Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдікті ретінде үш адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Қызылорда қаласының полицейлері адам өлтіру дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды kznews.kz.
"Қызылорда қаласының тұрғынын өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысты үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алынған барлық бейнежазба зерттелді. Оқиғаға басқа адамдардың қатысы болуы мүмкін деген ақпарат та тексеріліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша әрбір фигуранттың рөлі мен қатысу дәрежесіне құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады полиция департаменті.
Қайғылы оқиға 8 қазанда Қызылордадағы дәмханалардың бірінің маңында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша бірнеше жігіт жас азаматқа шабуыл жасап, оны пышақтап кеткен. Жәбірленуші ауруханада көз жұмды.
Еске салайық, Қызылордада бір топ адамның соққысына жығылған ер адам көз жұмды.Марқұмның әпкесі Анастасияның айтуынша, бауырына 12 адам жабылып, ұрған. Алайда әзірге үш күдікті ғана ұсталған. Марқұмның туыстары оқиғаға қатысы болуы мүмкін барлық адамның әрекетін тексеруді талап етіп отыр.
Әйелдің мәлімдеуінше, куәгерлер шабуылға қатысқандардың саны 12 адам болғанын айтқан. Ол тергеу тек үш күдіктімен шектелмей, оқиғаға қатысы бар әр адамның рөліне баға берілуін сұрайды.