KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Құрылтай 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын мақұлдады

• Қайсар Қанат
Ақша. Көрнекі фото: pixabay.com

Құжатта алдағы үш жылдағы экономикалық өсім, инфляция, бюджет кірістері мен шығыстары, сондай-ақ Ұлттық қордан бөлінетін қаражат көлемі айқындалған.

Жобаға сәйкес, орта мерзімді кезеңде Қазақстан экономикасының орташа жылдық өсімі 5,4% деңгейінде болады деп болжанып отыр.

2027 жылы инфляция 7,5–9,5% аралығында қалыптасуы мүмкін. Ал 2029 жылға қарай бұл көрсеткішті 6%-ға дейін төмендету жоспарланған.

Бюджет тапшылығы азайтылмақ

Үш жылдық жоспар бойынша республикалық бюджет тапшылығын біртіндеп қысқарту көзделген.

2029 жылдың соңына қарай тапшылық көлемін жалпы ішкі өнімнің 0,4%-ына дейін төмендету жоспарланып отыр.

Сонымен бірге бюджеттің меншікті кірістері 23,4 трлн теңгеге дейін ұлғаюы тиіс.

Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемін де кезең-кезеңімен азайтып, 2 трлн теңгеге дейін жеткізу көзделген.

2027 жылғы бюджет шығысы – 30,2 трлн теңге

Жоба бойынша 2027 жылы республикалық бюджеттің меншікті кірістері 19,9 трлн теңге көлемінде болжанған.

Оның негізгі бөлігін салықтық түсімдер құрайды. Бұған қоса бюджетке 5,5 трлн теңге көлемінде трансферт түседі деп күтіледі.

Ал республикалық бюджеттің жалпы шығысы 30,2 трлн теңге деңгейінде жоспарланып отыр.

Қаражаттың үштен бірінен астамы адами капиталды дамытуға, соның ішінде білім, ғылым және денсаулық сақтау салаларын қолдауға бағытталмақ.

Сондай-ақ өңірлерді дамытуға, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік борышқа қызмет көрсетуге қаржы қарастырылған.

Нақты секторға 3,7 трлн теңге бөлінеді

2027 жылы экономиканың нақты секторын қолдауға 3,7 трлн теңге бағыттау жоспарланған.

Бұл қаражат көлік инфрақұрылымын дамытуға, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті қолдауға, кәсіпкерлік пен цифрландыру жобаларын іске асыруға жұмсалмақ.

Сонымен бірге автожолдар мен шекарадағы өткізу пункттерін салу, жоғары жылдамдықты интернеттің қолжетімділігін кеңейту және агроөнеркәсіп саласындағы жобаларды қаржыландыру жалғасады.

Депутаттар қандай мәселелерге назар аударды?

Заң жобасын талқылау кезінде депутаттар макроэкономикалық болжамдардың дәлдігін арттыру, бюджеттің меншікті кірістерін тұрақты өсіру және Ұлттық қор трансферттеріне тәуелділікті төмендету мәселелерін көтерді.

Сондай-ақ бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын күшейту, жоспарлау сапасын жақсарту және мемлекеттік борыш деңгейін бақылау қажеттігі айтылды.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →