Қазақстандағы ауыз су мәселесі өршіп тұр. Миллиардтап, триллиондап қаржы бөлінгенімен, ауыл тұрғындары әлі күнге дейін таза суға зар болып отыр. Үкімет тарапынан бірнеше бағдарлама қабылданғанымен, олардың нәтижесі мардымсыз. Мәселен, “Ақ бұлақ” жобасы.
Жылдар бойы миллиардтап, тіпті триллиондап қаржы судай ақса да, ауылдағы ағайынның аңқасы кеуіп, кесеге құяр таза суға зар болып отырғаны – қабырғаны қайыстыратын ащы шындық. Негізінен, бұл тек әлеуметтік түйткіл емес, мемлекеттік бағдарламалардың жүйесіздігі мен жауапсыздығының анық көрінісіне айналды, деп хабарлайды kznews.kz
Сонау 2002 жылы басталған «Ауыз су» бағдарламасынан бастап, кейінгі «Ақ бұлақ», «Нұрлы жер» және «Силы регионы» сияқты атауы шашбаулы, ұраны аспандаған жобалардың қай-қайсысы да халықтың шөлін басуға емес, бюджеттің түбін тесуге қызмет еткендей әсер қалдырады. Басталғанда бөркін аспанға атып, уәдені үйіп-төгетін шенеуніктердің уәдесі күн өте құмға сіңген судай ғайып болып, халық тағы да бос шелекпен, құралақан қала береді.
Осы жылдар ішінде республикалық және жергілікті бюджеттен, халықаралық заемдардан бөлінген 1,2–1,5 триллион теңгеден астам қаржы қайда кетті деген сұрақ әрбір азаматтың көкейінде сайрап тұр. Жыл сайын орта есеппен 200–280 миллиард теңгені ішке бүккен жобалардың нәтижесі қайда десеңіз, ауыл арасында сопайып тұрған сусыз банялар мен қаңқасы шыққан насос станцияларын көрсетеді. Бастан бақ тайғандай, мұндай жобалардың көбіне су көзі толық барланбай салынғаны сонша, құрылыс бітпей жатып бұлақ көзі тартылып қалып жатқан жағдайлары шаш-етектен. Оның үстіне, бір су құбырына екі-үш рет смета өзгертіп, қайтадан ақша бөлу шенеуніктер мен мердігерлердің майшелпегіне айналғаны жасырын емес. Бұл Жоғары аудиторлық палата мен қаржылық мониторинг агенттігінің тексерісінде де талай рет ашық айтылды.
Ақшасы игерілді деп есеп берілгенімен, миллиардтарға салынған инфрақұрылым иесіз қалып, астамшылдық қылып жатырмыз. Астананың өзінде 10,5 миллиард теңгенің су кәріз нысандары жылдар бойы «ешкімге керексіз» қалып, заңсыз жұмыс істеп келсе, шалғай өңірлердегі жағдайдың қаншалықты мүшкіл екенін айтпаса да түсінікті. Жерге көмілген құбырлар пайдалануға берілместен шіріп, су айдайтын станцияларды талан-таражға салу – әдеттегі көрініс. Бұған қоса, «ауызбіршілігі жоқ» мердігерлердің авансты қалтаға басып, құрылыстың төрттен бірін де бітірмей банкротқа ұшырауы, арты бітпейтін сот процестеріне ұласып, жобаның мүлдем тоқтап қалуына әкеп соқтырады. Ал су іздеп сабылған жұрт суырылған арықтар мен шіріген құбырларға қарап, басын тасқа ұрғандай күйде қалады.
Бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі бұрыннан келе жатқан «созылмалы» құрылыс санын екі есеге жуық азайттық деп кеуде қаққанымен, істің мән-жайы әлі де қуантарлық емес. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Маңғыстау облыстарындағы жүздеген мың тұрғын әлі күнге дейін тіршілік көзіне зар болып, суды тасып ішіп отыр. Жақында ғана іске қосылған Шардара тобы сияқты ірі жобаларға мемлекетке қайтарылған активтердің ақшасын қосуға мәжбүр болғанымыз – жағдайдың пышақ жүзінде тұрғанының айғағы. Үкімет жыл соңына дейін ондаған ауылға су жеткіземіз деп білек сыбана кіріскенімен, жаңадан тартылған құбырларды тозығы жеткен. Мәселен, кей өңірлерде 70-80%-ға дейін тозған құбырлар бар. Ал оларға ескі магистральдарға қосу – тозған тонға жаңа жамау салғанмен бірдей болып тұр.
Бұл түйткілдер тек қаржылық шығындармен шектелмейді. Ресми есептерде ауыл сумен қамтылды деп бөркімізді аспанға атқанымызбен, іс жүзінде халық бұрынғысынша құдықтан, өзеннен немесе тасымал суды сатып алып ішуге мәжбүр. Бұл жағдай халықтың билікке деген сенімін азайтып, әлеуметтік кернеуді арттыруда. Оған қоса, кейбір өңірлерде бұрыннан істеп тұрған, табиғи таза су беріп тұрған ұңғымаларды жаңа құбыр тартамыз деп бұзып тастап, ауылдарды сусыз қалдырған жағдайлар да кездесті. Бұл табиғи су көздерінің бүлінуіне және экологиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқтырды. Бағдарламаның осындай сәтсіздіктерге ұшырауына байланысты мемлекет кейіннен су мәселесін шешу үшін «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жер» және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» сияқты жаңа бағдарламаларды қабылдауға мәжбүр болды. Айта берсең көп. Бір жобаның аяқсыз қалдырып, бірнеше бағдарламаларға қайта ақша бөлінді.
Сондықтан жүйелі реформа жасамай, тек жараның бетін таңумен шектелсек, су мәселесі қазақ қоғамының ашынған жарасы болып қала бермек.