Алматы облысы, Қарқара жайлауында өткен дәстүрлі Қымызмұрындық мерекесінен кейін белгілі журналист, медиаменеджер Ербол Азанбек мемлекеттік қызметкерлердің қарым-қатынас мәдениетін сынға алды. Оның айтуынша, ауқымды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылғанымен, кейбір шенеуніктердің қарапайым сәлемдесу әдебін сақтамауы мен журналистерге көрсеткен көзқарасы мерекеден қалған әсерге көлеңке түсірген, деп хабарлайды kznews.kz.
Ербол Азанбектің мәліметінше, Қарқарадағы Қымызмұрындыққа шамамен 35-40 мың адам жиналған. Ол мерекенің ұйымдастырылуы туралы кейінірек жеке тоқталатынын айтып, әзірге мемлекеттік қызметкерлердің этикасына қатысты мәселені көтерді.
Журналистің сөзінше, кейбір лауазымды тұлғалардың адамдармен амандасу мәдениеті көңіл көншітпейді.
«Миллион, миллиард ұстаған адамдардың өзінен мұндай көкіректік көрмедік. Керісінше, олар қарапайым болып, кез келген адаммен жылы амандасуды үйретті. Адамды сыйлы ететін – кресло емес, қарапайымдылық», – деп жазды ол.
Азанбек Қымызмұрындыққа еліміздің түкпір-түкпірінен шамамен 70 журналистің арнайы шақырылғанын айтты. Оның айтуынша, түскі ас кезінде журналистер дастархан басынан тұрмай жатып, Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі өкілдерінің бірі асықтырып, орын босатуды талап еткен.
Журналист бұл әрекетті кәсіби қауымға деген құрметсіздік ретінде бағалады. Оның сөзінше, журналистерді сыртқа шығарып, олардың орнына аудан әкімін кіргізу көзделген. Алайда журналистер асын аяқтамайынша орнынан тұрмаған.
Сонымен қатар Ербол Азанбек Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің киіз үйге кірген кезде үлкендерге де, журналистерге де амандаспағанын сынға алды. Оның пікірінше, қарапайым сәлемдесудің өзі мемлекеттік қызметкер мәдениетінің көрсеткіші болуы тиіс.
«Тіпті Президенттің өзі адамдардың арасына барғанда амандасады. Ал бір ауыз жылы сөз айту ешкімнің абыройын түсірмейді», – дейді журналист.
Ербол Азанбек Қымызмұрындықтың жоғары деңгейде өтуіне негізгі үлесті қарапайым халық қосқанын атап өтті. Ал кейбір шенеуніктердің мінез-құлқы, оның пікірінше, керісінше мерекенің сәнін кетірген.
Журналист мемлекеттік басқару жүйесінің орта буынында кадрлық әрі басқару мәдениетіне қатысты өзгерістер қажет екенін айтып, мемлекеттік қызметтің басты қағидаларының бірі қарапайымдылық пен адамға құрмет болуы тиіс деген ойын жеткізді.
Материал жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі қолданушылары да мемлекеттік қызметкерлердің халықпен және БАҚ өкілдерімен қарым-қатынас мәдениеті туралы пікірталасқа қосылып, мемлекеттік қызметте этика талаптарының сақталуы маңызды екенін жазды.