Желіде бір жас жігіттің WhatsApp-тағы отбасы чатына жазған хаты кеңінен тарап, көпшіліктің жүрегін елжіретті.
Әскерге аттанар алдында ол ата-анасы жалғыз қалмасын деп достарының байланыс нөмірлерін тізіп, әрқайсысының қандай жағдайда көмек көрсете алатынын жазып қалдырған.
"Бахтиярдың нөмірі – үйдің маңында тұрады, ары-бері көтерісетін заттар болса айтыңдар", "Санжардың нөмірі – телефон, ноутбук, құжат, машина жөндеуді біледі", "Жанарыстың нөмірі – көлік керек болсағ алдын ала айтыңдар", "Қажымұқанның нөмірі – кез келген өтініш бойынша көмектеседі", "Оралхан – Жетісайдан, үйде бірдеңе сынып жатса, айта беріңдер, күнде жұмыста, бірақ алдын ала ескерткен жөн", – деп жазған жас жігіт өз отбасы чатында.
Бұл жазбаны Threads желісінде Айзада есімді бойжеткен жариялап, бауырының әскерге аттанғанын жеткізген.
"Бауырым әскерге кетті. Ата-анамызға қарайлассын деп достарына осылай жазып қалдырған. Көзге еріксіз жас келеді…" – деп бөліскен ол.
Жазба қысқа уақытта мыңдаған қаралым жинап, жүздеген пікірге себеп болды. Көпшілік жас сарбаздың жауапкершілігіне, ата-анасына деген қамқорлығына риза болып, жылы лебіздерін білдірген.
"Мұндай қамқор ұлға бәріміз тілекшіміз! Аман-есен оралсын!", "Ата-анасын ойлаған нағыз ер азамат!", "Мұндай бауырмал, жауапты ұл сирек. Тезірек елге аман келсін!", "Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анасына бас иемін!", – деп жазды желі қолданушылары.