Bloomberg: Қара теңіздегі жағдай Қазақстанның мұнай экспортына кері әсер етті
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

«Көзбояушылық марапат»: Ауыз толтырып айтылған Сариевтің «мұңлы ипотекасы» мен Примактың бокалы

«Көзбояушылық марапат»: Ауыз толтырып айтылған Сариевтің «мұңлы ипотекасы» мен Примактың бокалы
Фото:ЖИ

Паралимпиадашыларымыздың байрақты бәсекелерде ел намысын өрге сүйреп, жанын шүберекке түйіп жүріп ұтып алған әрбір медалі — тек спорттағы емес, ең алдымен адам рухының айбынды жеңісі. Алайд ала допты қуған сау-саламат саңлақтарға келгенде жомарттық танытып, қазына қаржысын аямай шашатын шенеуніктердің мүмкіндігі шектеулі параспортшыларға келгенде көзбояушылыққа салынып, бір кем дүниенің керін келтіруі қалыпты әдетке айналып бара жатқандай, деп хабарлайды kznews.kz.

Атырауда Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Әнуар Сариевке бес жыл бұрын облыстың бұрынғы әкімі Махамбет Досмухамбетов салтанатты түрде пәтер кілтін табыстап, елді бір қуантқаны есте. Содан бері аты шулы баспана күні бүгінге дейін спортшының меншігіне  өтпей, «созылмалы ипотеканың» бұғауында қалып отырғаны ақылға сыймайды. Ауызбен орақ орып, камера алдында ақ түйенің қарнын жара марапаттаған шенеуніктердің бұл әрекеті сырты бүтін, іші түтін уәде болып шықты. Әнуардың жылдар бойы өз пәтері үшін ай сайын жалға алу ақысын төлеп келе жатқаны — спортшының еңбегін аяққа таптап, халықтың сеніміне селкеу түсірген сұмдық жағдай.

Бұл — өкінішке қарай, қазақ спорт саласындағы жалғыз жағдай емес. Жақында пара-армрестлингтен әлемнің көпкратты чемпионы Зарина Примакқа жергілікті әкімдік пен жастар орталығы өкілдерінің «сый-құрмет» ретінде бір қорап әйнек бокал мен алғыс хат ұстата салғаны әлеуметтік желіні аяғынан тік тұрғызды. Әлемдік аренада Қазақстанның әнұранын асқақтатып, туын биікке көтерген чемпионға көрсетілген мұндай «құрмет» — азаматтық ар-ұяттың шегінен шығу ғана емес, спортшының маңдай терін сайрандап талаумен пара-пар. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл масқараны «мазақ қылу», «сүйекке түскен таңба» деп бағалап, жергілікті биліктің арзан абырой қуған әрекетіне қатты назаланды. «Олимпиада чемпиондарына миллиондар мен джип көліктерін үйіп-төгіп береді де, жанын салған параспортшыларға келгенде арзан шыны аяқпен құтылады» деген халықтың ащы айғайы толассыз ағылып жатыр.

Шындығында, сандарға көз жүгіртсек, бұл теңсіздіктің тамыры тым тереңде жатқанын аңғару қиын емес. Мемлекеттік деңгейде Олимпиада мен Паралимпиада жүлдегерлеріне берілетін ресми сыйақы мөлшері (алтынға — 250 мың, күміске — 150 мың, қолаға — 75 мың АҚШ доллары) заң жүзінде теңестірілгенімен, жергілікті әкімдіктер мен демеушілер тарапынан жасалатын көмек пен нақты қолдау арасында жер мен көктей айырмашылық бар. Мәселен, елімізде дене шынықтыру және спорт саласына жыл сайын бөлінетін жүздеген миллиард теңгенің тек шамамен 3-5 пайызы ғана параспортты дамытуға жұмсалады екен. Оның үстіне, Париж Паралимпиадасында спортшыларымыз  тарихи рекорд орнатқанына қарамастан, елге оралғанда олардың көбі тиісті инфрақұрылымның, арнайы спорт залдарының жоқтығынан таршылық көріп келеді.

Спортшының намысын таптап, үмітін өшіретін мұндай «көзбояушылық марапаттар» — жай ған қателік емес, жүйедегі салғырттық пен жауапсыздықтың айқын көрінісі. «Аузы қисық болса да, байдың ұлы сөйлесін» дегендей, танымал спорт түрлеріне қыруар қаржы бөлгіш шенеуніктер, ел намысы үшін майданға түсетін ер жүрек параспортшыларды назардан тыс қалдыруын тоқтатуы тиіс. Егер біз спортшының маңдай терін дұрыс бағалай алмасақ, құрғақ уәдемен халықты алдап, жеңімпаздарды «жалаңаш қолмен» қалдырсақ, елдің спорттық беделі туралы сөз қозғаудың өзі артық. Ел намысын қорғаған өрендерге шынайы жанашырлық білдіріп, берілген сөзді іспен дәлелдеу — уақыт күттірмейтін өмірлік талап.

Автор
Айжан Сыланова

2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.