Бұған дейін «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін Астанадағы тұрғын үй кешенінің маңына доллар толы бірнеше шабадан лақтырылғаны айтылды. Осы оқиғадан соң әлеуметтік желіде ақша тауып алған адам оны заңды түрде иемдене ала ма деген сауал қызу талқыланды.
Заңгер Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, көшеден ақша немесе бағалы зат тауып алған адам оны бірден өз меншігіне айналдыра алмайды. Бұл мәселе Азаматтық кодекстің 245-бабымен реттеледі.
«Көшеден ақша тауып алған адам оны бірден өз меншігіне ала алмайды. Ақшаның көлемі, қандай валютада екені немесе оның құнды зат болуы бұл тәртіпті өзгертпейді. Заңға сәйкес, жоғалған затты немесе ақшаны тауып алған адам алдымен оның иесіне хабарлап, қайтаруға міндетті. Егер ақшаның иесін анықтау мүмкін болмаса, ішкі істер органдарына немесе жергілікті әкімдікке хабарлауы керек», – дейді заңгер.
Маманның сөзінше, табылған ақшаны ешкімге хабарламай алып кету заң талаптарын бұзу болып саналады. Әсіресе ірі көлемдегі қаражат табылған жағдайда бірден полиция шақырған дұрыс. Себебі ол ақша қандай да бір қылмыстық іске қатысты заттай дәлелдеме болуы мүмкін.
«Мысалы, 10 мың теңге немесе Астанадағы соңғы жағдайдағыдай сегіз шабаданға салынған 100 мың доллар табылса, бірінші кезекте полиция шақырып, ақшаны есептетіп, тиісті органға тапсыру керек. Өйткені бұл жерде ақшаның шығу тегін анықтау маңызды», – деп түсіндірді Нұрсұлтан Орынбеков.
Алты айдан кейін ақшаны өзіңізге алуға бола ма?
Азаматтық кодекстің 245-бабына сәйкес, табылған ақша туралы полицияға немесе әкімдікке ресми хабарланғаннан кейін алты ай ішінде оның иесі анықталмаса, ақшаны тауып алған адам оны өз меншігіне рәсімдей алады.
Алайда алты айлық мерзім ақшаны тапқан күннен емес, тиісті органға ресми хабарлаған күннен бастап есептеледі.
Мысалы, азамат 2026 жылғы 12 қарашада ақша тауып алып, сол күні полицияға хабарласа, 2027 жылғы 12 мамырға дейін иесі анықталмаса, ақшаны өз меншігіне ала алады. Ал тауып алған адам оны иемденуден бас тартса, қаражат коммуналдық меншікке өтеді.
Ақшаның иесі табылса, 30 пайыз сыйақы алуға бола ма?
Заңгердің түсіндіруінше, егер алты ай өтпей тұрып ақшаның заңды иесі табылып, өзіне тиесілі екенін дәлелдесе, оны тауып алған адам ақшаның құнының 30 пайызы мөлшерінде сыйақы талап етуге құқылы.
«Табылған ақшаның 30 пайызына қатысты норма Азаматтық кодекстің 245-бабының 6-тармағында көрсетілген. Егер меншік иесі сыйақы төлеуден бас тартса, азамат сотқа жүгініп, өз құқығын қорғай алады», – дейді маман.
Дегенмен бұл талап қылмыстық іске қатысты ақшаға жүрмейді. Егер табылған қаражат қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде алынған немесе тергеу үшін маңызды заттай дәлелдеме деп танылса, ол қылмыстық іс аясында сақталады.
Мұндай жағдайда ақшаны полицияға тапсырған адамға 30 пайыз сыйақы автоматты түрде берілмейді. Оның әрі қарайғы тағдыры тергеу мен сот шешіміне байланысты анықталады.
Заңгер азаматтарға көшеден ақша немесе бағалы зат тауып алған жағдайда оны жасырмай, бірден полицияға не әкімдікке хабарлауға кеңес береді.