KZNews.kz
Қоғам

Көршілес Ресейде отандық тасымалдаушылар шектеулерге тап болды - депутат

Torgyn Abushakhman

Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы көршілес Ресей аумағында қазақстандақ жүк тасымалдаушылар қиын жағдайға тап болып жатқанын мәлім етті.

- Қазақстандық тасымалдаушылар Ресейде жаппай шектеуге түсе бастады. Кейбіреулері қамауға алынған. Он мыңдаған халықаралық жүргізушілер мен компанияларларға қауіп төніп тұр. Осы мәселеге байланысты менің телефныма көбісі қоңырау шалып, елдің түкпір-түкпірінен SMS-тер жетіп жатыр. Кейінгі кезде біздің жүргізушілер мен халықаралық тасымалдаумен айналысатын компаниялар Ресей Федерациясының аумағында болу мерзімі бойынша жаппай шектеулерге тап болды, - деп жазды Б. Нажметдинұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, көрші ел № 115-ФЗ Федералдық заңына түзетулер енгізілгеннен кейін (2024 жылғы 8 тамыздағы түзетулермен), виза ережесінде визасыз келген шетелдік азаматтардың Ресейде күнтізбелік жыл ішінде 90 күннен аспайтын мерзімде болуы қарастырылған. Бұл норма халықаралық автомобиль тасымалдарының ерекшеліктерін ескермейді. Біздің жүргізушілер басқа елдің аумағында жеке себептермен емес, еңбек міндеттерін орындау үшін жүр. Дегенмен, жаңа талаптар оларды іс жүзінде ресейлік заңнаманы бұзатындарға айналдырды.

- Көбісі осы жағдайға тап болды. Ресей мен Беларусь аумағында болған уақыт бірге есептеліп отыр, Беларусь арқылы транзиттің өзі Ресейде жүрген деп қарастырылады. Мұнымен қоса, ЕАЭО елінің Еуропа одағымен шекарасындағы, сондай-ақ Ресей-Қазақстан шекарасындағы көп күндік кезек салдарынан Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және өңірдегі басқа да елдердің жүргізушілері рұқсат алуды күтіп, бірнеше күн тұруға мәжбүр. Осы уақыттың барлығы жалпы 90 күндік лимитке енгізілген, - дейді депутат.

Осы орайда ол ЕАЭО аясындағы өзара іс-қимыл мәселелерін қадағалайтын ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғаринге ресми үндеу жолдағанын айтты. Бұдан бөлек, тасымалдаушыларға алдын ала жауап беріп, оларды қорғау тетіктерін әзірлеу үшін Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігіне тиісті мәліметтер ұсынылған.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан мен Ресей шекарасындағы өткізу бекеттерінде көліктер жиналып қалған болатын. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ҚР Көлік министрлігі мен Шекара қызметінің өкілдері Ресей Федерациясына шығуды қамтамасыз ететін көлік өткізу бекеттерін барып көрді. Көлік министрлігінің баспасөз қызметі жағдайдың бұлайша қалыптасуына Ресей Федерациясы тарапынан бақылау шараларының күшейтілгені де ықпал етіп отырғанын мәлім еткен еді.  

Torgyn Abushakhman
Автордың басқа материалдары