KZNews.kz
Саясат

Конституциядағы өзгерістер: жаңа саяси модельдің негізі қалануда

Айжан Сыланова
Фото: gov.kz

Жаңа Конституция жобасында бір палаталы Парламент үлгісі мен мемлекеттік органдардың жаңартылған жүйесіне қатысты нормалар бірнеше бөлімге енгізілген. Бұл туралы Конституциялық комиссияның отырысында Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Оның айтуынша, бір палаталы Парламентке арналған ережелер төртінші – «Құрылтай» бөлімінде топтастырылған. Онда заң шығару органының өкілеттіктері бекітіліп, Құрылтай сессиялары мен оның қызметін ұйымдастыруға қатысты нормалар жаңартылған.

«Заң шығару бастамасы құқығына ие субъектілердің қатары анықталды. Құрылтай заң қабылдау арқылы реттелетін аса маңызды қоғамдық қатынастардың тізбесі берілді. Заң жобаларын қарау мен қабылдаудың рәсімдері көзделді. Құрылтай Төрағасының лауазымына қатысты мәселелер жеке бапта реттелді», – деді Бақыт Нұрмұханов.

Конституция жобасының бесінші бөлімі Үкіметке арналған. Бұл бөлімде бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты Үкіметтің Құрылтай алдындағы жауаптылығы мен есеп беруі, сенімсіздік вотумы, заң жобаларын енгізу, сондай-ақ республикалық бюджет пен оның атқарылуы туралы есеп беру тәртібі нақтыланған.

«Бір палаталы Құрылтайға көшуге байланысты көптеген ережелер нақтыланды», – деді ол.

Ал алтыншы бөлім екі баптан тұрып, Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесін айқындайды. Бұл орган ел азаматтарынан құралған жоғары консультативтік құрылым ретінде Қазақстан халқының мүддесін білдіреді.

«Оның Құрылтайға заң жобаларын енгізу, республикалық референдум тағайындау туралы ұсынысқа бастама жасау және басқа да маңызды өкілеттіктері белгіленді», – деп атап өтті Нұрмұханов.

Жетінші бөлімде Конституциялық Сотқа қатысты нормалар шоғырландырылған. Оның құрамына, судьялардың өкілеттік мерзімдеріне және құзырына қатысты негізгі ережелер сақталған.

Сонымен қатар Конституциялық Соттың конституциялық бақылау жүргізетін және бүкіл ел аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ететін тәуелсіз мемлекеттік орган ретіндегі миссиясы айқындалған.

Оның айтуынша, Конституция жобасында ұсынылған жаңашылдықтар елдегі мемлекеттіліктің конституциялық негіздерін нығайтып, адам құқықтары мен құқық үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Спикер құжаттағы нормалар «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет»тұжырымдамасына сай келетінін және елдің одан әрі дамуына берік институционалдық негіз қалыптастыратынын атап өтті.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →