Премьер-министр Олжас Бектенов жұмысшы мамандықтары бойынша кадр даярлау жүйесін жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды kznews.kz.
Үкімет отырысында ол еңбек нарығындағы кадр тапшылығын азайтып, білім беру жүйесін бизнес қажеттілігіне жақындату маңызды екенін атап өтті.
«Кадр тапшылығын еңсеру және білім беру жүйесі мен бизнестің нақты сұраныстары арасындағы алшақтықты жою үшін жұмыс берушілер мен салалық қауымдастықтардың қажеттіліктерін білім беру ұйымдарының мүмкіндіктерімен үйлестіру қажет», – деді Премьер-министр.
Оқу-ағарту министрлігіне Еңбек министрлігімен, «Атамекен» ұлттық палатасымен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, әр облыста экономиканың басым бағыттары бойынша мамандар даярлау және оларды тәуелсіз сертификаттау жөніндегі салалық кластерлер құру тапсырылды.
Колледждердегі мемлекеттік тапсырыс өзгереді
Бектенов колледждердегі мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде өңірлер мен жаңа жоғары технологиялық өндірістердің нақты қажеттілігін ескеру керектігін айтты.
«Өңірлердің және жаңа жоғары технологиялық өндірістердің нақты қажеттіліктеріне сәйкес кадрларды барынша тиімді даярлау үшін колледждердегі мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру кезінде қажетті жұмыс орындарының нақты санын айқындау қажет», – деді Олжас Бектенов.
Осы мақсатта Еңбек, Оқу-ағарту және Ғылым министрліктері мен өңір әкімдіктері өндірістерде қандай мамандарға қанша жұмыс орны қажет болатынын жыл сайын болжап отыруы тиіс.
Бұл бағытта жүйелі талдау жүргізіліп, алынған мәліметтер тұрақты түрде жаңартылып отырады. Ақпарат Enbek.kz ақпараттық жүйесіне орналастырылуы керек.
Жұмыстарды жалпы үйлестіру Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевқа жүктелді.