Ауа-райының нашарлауына, боранға, көктайғаққа, қатты желге және нөлдік көрінуге байланысты ТЖМ құтқарушылары ел бойынша қар құрсауынан 96 адамды, оның ішінде 9 баланы құтқарды, деп хабарлайды kznews.kz.
Ауа-райының нашарлауы туралы дауылды ескертулер мен автожолдардың жабылуы туралы ақпарат халыққа СМС-хабарламалар, ТЖМ, аумақтық бөлімшелердің интернет-ресурстары және әлеуметтік желілері арқылы жеткізілді.
Бүгін түнде Қарағанды облысы «Ақой - Сейфуллин - Ақсу - Аюлы - Ақтоғай - Балқаш» облыстық маңызы бар автожолында Жалаңаш ауылының маңында жеңіл автокөлік кюветке шығып кетті. Көлік ішінде Өзбекстан Республикасының 3 азаматы болды, олар ауыр жарақат алмаған, бірақ өздігінен қиын сәттен шыға алмаған.
Ал Жамбыл облысының Жуалы ауданында «Б. Момышұлы – Көлтоған» облыстық маңызы бар тас жолының 38-шақырымында қар құрсауында қалған автокөлік жүргізушілері мен жолаушыларына көмек көрсету мақсатында авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. ТЖМ күштері қар құрсауынан 4 автокөлікті шығарып, көлік ішінде болған 8 адамға, оның ішінде 1 балаға көмек көрсетілді.
5 ақпанда Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Құрылыс кентінен 15 км жерде 4 жеңіл автокөлік қар құрсауында қалып қойды. Құтқару операциясы барысында 12 адам, оның ішінде 3 бала жақын елді мекенге эвакуацияланды.
Дәо сол күні күндіз Жетісу облысының Алакөл ауданында "Үшарал- Достық" автожолының жабық учаскесінде 6 жеңіл, 11 жүк автокөлігі қар құрсауында қалды. ТЖМ құтқарушылары 32 жолаушыны, оның ішінде 2 баланы қатты жел мен боран жағдайында құтқарып, жақын жылыту пунктіне эвакуациялады. Медициналық көмекке ешкім мұқтаж болған жоқ.
Қазақстан ТЖМ азаматтарды сақтық шараларын сақтауға, дауылды ескертулерді қадағалауға және қолайсыз ауа райы жағдайында алыс сапарларға шықпауға шақырады. Ауыл тұрғындарына ауа-райының нашарлауы жағдайында ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.