KZNews.kz
Жаңалықтар

Көлікке ту ілген жүргізушілерге айыппұл салына ма?

Қайсар Қанат
ашық дереккөзден

Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасап, Тәуелсіздік күніне байланысты туындаған жағдайларға түсініктеме берді, деп хабарлайды kznews.kz.

Мерекелік күндері бірқатар жүргізуші көліктерін Мемлекеттік тумен безендіріп, азаматтық ұстанымы мен патриоттық сезімін білдірген. ІІМ мәліметінше, мемлекеттік туды көлікке орналастырғаны үшін заңда жауапкершілік қарастырылмаған, алайда жол қауіпсіздігі талаптары мен қозғалыс ережелерін сақтау міндетті.

Министрліктің хабарлауынша, кейбір азаматтар мерекелік шаралар кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзып, басқа қатысушыларға кедергі келтіріп, көшелерді жауып тастаған. Осыған байланысты полиция қызметкерлері заң аясында шара қолдануға мәжбүр болған.

Атап айтқанда, 16 желтоқсанда Шымкент пен Алматы қалаларында полиция қызметкерлері көліктеріне ту ілінген, бірақ жол ережелерін бұзған бірнеше автокөлікті тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушілердің көлікті басқару құқығы болмағаны, апаттық жағдай туғызғаны және көлікті заңсыз жабдықтағаны анықталып, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, аталған шаралардың мемлекеттік туды пайдалануға еш қатысы жоқ.

Сонымен қатар Алматы қаласында полиция қызметкерлері шарлармен безендірілген қоғамдық көліктің жүргізушісі мен жолаушыларына мұндай әрекеттің адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін түсіндірген.

"Қазіргі уақытта көліктерді заңсыз тоқтату деректері де тексеріліп жатыр. Егер полиция қызметкерлерінің әрекеттерінен заңбұзушылық анықталса, олар қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады", – деді Ақтоты Боранова.

ІІМ өкілдері мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарайтынын атап өтіп, азаматтарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

Қайсар Қанат
Автордың басқа материалдары