KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Көлік бақылау жүйесінің екі қызметкері 40 млн теңгеден астам пара алды деген күдікке ілінді

• Айжан Сыланова
Фото: Spuntik / Владимир Федоренко

Көлік бақылау саласының екі лауазымды қызметкері кәсіпкерлерден 40 млн теңгеден астам заңсыз сыйақы алды деген күдікке ілінді. Оларды тамыз айында ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі ұстаған, деп хабарлайды kznews.kz.

ҰҚК мәліметінше, күдіктілердің бірі – Көлік министрлігі Автомобиль көлігі және көлік бақылау комитеті төрағасының орынбасары, екіншісі – Ақмола облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары.

Тергеу нұсқасына сәйкес, олар белгіленген салмақ нормасынан асып кеткен жүк көліктерінің кедергісіз өтуін қамтамасыз етіп, бұл үшін кәсіпкерлерден ақша алған.

«Тергеу мәліметі бойынша, олар кәсіпкерлерден 40 млн теңгеден астам материалдық сыйақы алған», – деп хабарлады ҰҚК.

Сот санкциясымен екі күдікті де қамауға алынды. Қазір қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденген жоқ. Тергеу барысында істің барлық мән-жайы анықталады.

Айжан Сыланова
2023 жылдан бастап Kznews.kz сайтында тілші қызметін атқарады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі. Аймақтық және интернет-басылымдарда еңбек өтілі бар.
Автордың басқа материалдары →