ка

«Көлігінің кілтін қалдырды»: Мұқағалидың ұлы ақынды балағаттаған блогерді кешірді

16.06.2025 19:07
0
«Көлігінің кілтін қалдырды»: Мұқағалидың ұлы ақынды балағаттаған блогерді кешірді
Фото: orda.kz
Алматыда Наурызбай аудандық сотында ақын Мұқағали Мақатаевты балағаттаған блогер Әлішер Теменовке қатысты іс тоқтатылды, деп хабарлайды Kznews.kz Orda.kz сайтына сілтеме жасап.

Теменовке Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-бөлігі (Қорлау) бойынша айып тағылған болатын. Бұл істі судья Бейнекүл Қайсина қарады.

16 маусымда өткен сот отырысында жәбірленуші Жұлдыз Мақатаев айыпталушыны кешіріп, істі тоқтатуды сұрады. Ол блогерден моральдық шығын ретінде он миллион теңге талап еткен.

Сотта Теменов «екі жақ келісімге келгенін» айтты.

«Кінәмді толық мойындаймын және кешірім сұраймын. Екі жақ келісімге келдік, сол себепті істі қысқартуды сұраймын. Қазір көлігімде екі миллион теңге бар. Қалған бір миллионды он күннен кейін әкеліп беремін. Оған дейін көлігімнің кілтін қалдырып кетемін. Қалған ақшаны берген соң көлігімді қайта аламын», – деді ол.

Судья шешім шығару үшін залдан шығып кеткен сәтте блогер екі миллион теңгені қолма-қол беріп, көлігінің кілтін де жәбірленушіге тапсырған.

Сот тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатып, Теменовті қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Азаматтық талап та тоқтатылды. Бірақ, сот оның «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық» туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасын күшінде қалдырды.

 

Пікірлер
(0)
Бұл жерде әлі ештеңе жоқ
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий