KZNews.kz
Қоғам

Көкшетауда жастарға арналған ерекше жарыс өтті

KZNEWS

8–9 қараша күндері Көкшетау қаласында «Дала Қырандары» қозғалысына үміткерлер үшін ерекше сынақ өтті. Екі күнге созылған бұл іс-шара қатысушылардың төзімділігін, ерік-жігерін және рухын шыңдауға бағытталды, деп хабарлайды kznews.kz.

Таңертең қатысушылар жаттығудан және қысқаша нұсқаулықтан бастады. Одан кейін нағыз сынақ күтіп тұрды: 3000 метр қашықтыққа жүгіру және Купер тесті — секіру, қолды бүгіп-жазу, іш бұлшықеттеріне арналған жаттығулар.

Әр қатысушының бұл сынаққа келу себебі әртүрлі болды: бірі — бұрынғы нәтижесін жақсартуға, енді бірі — өз шегін сынап көруге ниетті. Бірақ бәрін біріктірген мақсат — берілмеу және соңына дейін жету еді.

Алаңда алғашқы минуттардан-ақ ерекше атмосфера орнады: достық қолдау, жігер мен қозғалыс рухы сезілді. Тәжірибелі қырандар үміткерлерге қасында жүріп, күшті дұрыс бөлуге және ритмді сақтауға көмектесті.

Қауіпсіздік пен әділдік басты назарда болды: алаңда медицина қызметкерлері кезекшілік етті, төрешілер барлық нәтижелерді мұқият тіркеп отырды.

«Қыран — тек күшті адам емес. Ол – уәдесінде тұра алатын, берілмейтін және соңына дейін жететін тұлға», — деді ұйымдастырушылар.

Бұл шара қатысушыларға тек физикалық сынақ емес, рухтың беріктігін дәлелдейтін тәжірибе болды. «Дала Қырандары» қозғалысының мақсаты да — дәл осындай табанды, жауапты және жігерлі азаматтарды тәрбиелеу.

KZNEWS
Автордың басқа материалдары