Көкшетау қаласының әкімі Ануар Құмпекеев әкімдік отырысында шаһарды Жаңа жыл мерекесіне дайындау мәселесін қатты сынға алды, деп хабарлайды kznews.kz.
Әкімнің айтуынша, жауапты бөлімдерге алдын ала берілген тапсырмалардың басым бөлігі орындалмаған. Қағаз жүзіндегі жоспарлар әдемі көрінгенімен, олардың шынайы тізгінін ұстап, іске асырған нақты адам табылмаған. Презентацияда көрсетілген жобалар мен безендіру элементтері алаңдар мен көшелерде көрініс таппаған.
Сынның негізгі нысаны қала бас сәулетшісі Айнұр Танқыбаева болды. Әкім оның дайындаған слайдтары мен нақты орындалатын жұмыстар арасындағы айырмашылықты көрсетіп, жоспардың өмірде жүзеге асатынына сендіре алмағанын атап өтті.
Ануар Құмпекеев мерекелік дайындықтың баяу жүріп жатқанын айтып, Жаңа жылға арналған безендіру жұмыстары тұрғындардың көңіл күйіне тікелей әсер ететінін ескертті. Ол жауапты қызметкерлерді жұмысты жеделдетуге шақырып қана қоймай, қала кәсіпкерлерін де ортақ іске атсалысуға үндеді.
Әкімнің айтуынша, бизнес өкілдері өз ғимараттарын мерекеге сай көркейтіп, қаланың жалпы атмосферасына үлес қосса, Көкшетау тұрғындарына да, қонақтарына да жақсы әсер қалдырады.
«Қала — бәріміздің ортақ үйіміз. Жаңа жылдық көңіл күйді тек әкімдік емес, кәсіпкерлер де қалыптастыруға көмектесуі керек», — деді ол.
Әкімдікте мерекеге дайындық жалғасатыны және жоспардың нақты орындалуына қатаң бақылау орнатылатыны айтылды.