Түркістан облысы Сайрам ауданында тұрғындар арасындағы жанжал жаппай төбелеске ұласып, бір жігіт ауыр хәлде ауруханаға түсті, деп хабарлайды Kznews.kz Orda.kz-ке сілтеме беріп.
Оқиға көкпардан кейін басталған. Жәбірленуші Ақбаржан Әбдімәжитовтің жақындарының айтуынша, ол алаңда өзінен 4 жас үлкен жігітпен ерегісіп қалған. Кешке қарай әлгі жігіт қоңырау шалып, сағат 21:00-де мектеп алдына шақырған.
«Күндіз көкпар ойын алаңында Азиз деген баламен Ақбаржан ерегесіп қалған. Кешке қарай Азиз есімді бала Ақбарға телефон соғып, сағат 21:00-де мектептің алдына шақырған. Біздің бала ол жерге барған кезде 25-30 шақты адам болған. Ақбаржанды ұрып-соғып, талып қалғанша жәбір көрсеткен және баланың басынан теуіп 5-10 минут қинаған», — дейді Ақбаржанның ағасы Мамадкарим Ниязтаев.
Жақындары жігітті өлім мен өмір арасында жатқан күйінде Қарабұлақ ауылындағы мал соятын аумақ маңынан тапқанын айтады. Олардың сөзінше, әлсіреп жатқан дене айдалада екі сағаттай жатып қалған, кейін түнгі он екілер шамасында ауруханаға жеткізілген. Ақбаржан комаға түсіп, бас-ми жарақатымен бір апта жансақтау бөлімінде ем алған. Қазір палатаға ауыстырылғанымен, әлі есін толық жимағаны айтылады.
Дәрігерлер сол күні бірнеше адам медициналық көмекке жүгінгенін жеткізді.
«Жалпы үш науқас келген. Медициналық көмекке жүгініп. Оның ішінде біреуі жағдайы ауыр жағдайда болған. Ол сол уақытта тексерулерден өткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Бір науқас жағдайы орташа ауырлықта жарақат бөліміне ем алуға жатқызылған. Бір науқас қанағаттанарлық жағдайда амбулаториялық емге жіберілген», — дейді Сайрам аудандық ауруханасының дәрігері Фаррух Шадиев.
Жәбірленуші тараптың айтуынша, қақтығыс салдарынан жалпы бес адам зардап шеккен. Олардың бәрі Ақбаржанмен бірге барған достары. Бірінің мұрны сынып, екіншісінің ерні жыртылған. Туыстарының сөзіне қарағанда, бес жігіт қарсы топпен «сөйлесуге» ғана барған, қолдарында қару болмаған.
«Шақырған жігіттердің қолдарында пышақ, біреуінде пистолет, қолға тағып ұратын кастет болған дейді. Ал бұл бесеуінің қолында ешқандай қару болмаған. Бізде қазір қауіп көп. Өйткені адамды ұрып- соғып, денесін малша мыжғылап, айдалаға алып барып тастағандар сол күйі жауапқа тартылмады. Қамауға алынғанымен үйлеріне жібере салды», — дейді жәбірленушінің әкесі Шавкад Усманов.
Ақбаржанның жақындары күдіктілердің тиісті жазасын алмағанына наразы. Олардың айтуынша, әзірге екі адам ғана күдікке ілініп, екеуі де үйқамаққа жіберілген. Жәбірленуші тарап жігітті аяусыз сабау және оны алып кету дерегі бойынша істің әділ тергеліп, кінәлілердің қатаң жауапқа тартылуын талап етіп отыр.