Биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында елдегі мейрамхана, кафе және асханалардың жиынтық түсімі 1,37 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды түрде 16 пайызға көп. Алайда, инфляцияны есепке алғандағы нақты өсім небәрі 3,2 пайызды құрады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бұл соңғы алты жылдағы ең төменгі көрсеткіш болып отыр. Соңғы рет осындай баяу өсім пандемия кезінде, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйегінде тіркеліп, сала түсімі нақты мәнде 5 пайызға ғана артқан болатын.
Жалпы, қоғамдық тамақтану саласындағы талдауға сәйкес, өсімнің баяулауына Алматы мен Астанадағы көрсеткіштердің төмендеуі әсер еткен көрінеді. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану нарығының 32 пайызын құрайтын Алматыда нақты түсімнің өсімі өткен жылғы 51,9 пайыздан 5,4 пайызға дейін төмендеген. Ал нарықтағы үлесі 22 пайыз болатын Астанада өсім 22,7 пайыздан 9,8 пайызға дейін баяулаған.
Демек, бұл көрсеткіштерден адамдардың қоғамдық тамақтану орындарына баруы азайып келеді деуге болады. Оған асханалар мен дәмхана, мейрамханалардағы тамақ бағасы мен қызмет көрсету құнының қымбаттауы себеп болуы мүмкін екен. Екінші жағынан, дәл осы бағаның өсуі қоғамдық тамақтану саласының табысын реттеп отыр деуге болады.