KZNews.kz
Әлеумет

Кішкентай балалары бар ата-аналарға жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту ұсынылды

Жарқын Омаров
Фото: pixabay.com

Мәжілісте кішкентай балалары бар ата-аналарға жұмыс күнін бір сағатқа қысқарту ұсынылды, деп хабарлайды kznews.kz.

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден Еңбек кодексіне енгізілетін өзгерістерді талқылау кезінде осындай бастама көтерді.

"Ата-ананың баласымен бірге өткізетін қосымша бір сағаты оның болашағына салынған инвестиция. Бұл отбасының тұрақтылығы, қоғамның тұрақтылығы, сондай-ақ ата-ананың баласын балабақшадан уақытылы алып кету мүмкіндігі. Бала тәрбиесіне және оның денсаулығына көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді", - деді депутат.

Айтуынша, бұл мәселені ол бұған дейін Үкімет деңгейінде көтерген, бірақ әзірге шешім қабылданбаған.

Ол уәкілетті органдар мен депутаттарды заң жобасын екінші оқылымда талқылау кезінде осы ұсынысты ескеруге шақырды.

Депутаттың айтуныша, көптеген дамыған елдерде кішкентай балалары бар ата-аналар үшін қысқартылған жұмыс күні немесе жұмыс аптасы әлдеқашан енгізілген және оның тиімділігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген.

"Бұл қандай да бір бонус немесе артықшылықтар ретінде қарастырылмайды. Бұл отбасын нығайтуға бағытталған мемлекеттік стратегиялық шара. Мұнда қосымша бюджет шығындары туралы сөз болып отырған жоқ. Бұл қарапайым өзара алмастырымдылық қана. Оны еңбек заңнамасына оңай енгізуге болады", - деді Қарақат Әбден.

Бір жыл бұрын депутат Скандинавия елдерінің тәжірибесін негізге ала отырып, әйелдер үшін жұмыс уақытын қысқартуды, сондай-ақ ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін ұзартуды ұсынған болатын.

Жарқын Омаров
Автордың басқа материалдары