Былтырғы бюджет: мемлекет қаржыны қай салаларға көбірек бөлді?
RU KZ

Бізбен байланыс

Мекен-жай
КР, г.Астана, ул.Әбікен Бектұров, 4/3
Телефон
+7 701 933 8520
Email
aktan.yeltay@gmail.com
WhatsApp
+7 701 933 8520

Біздің әлеуметтік желілер

Кипрда демалу қауіпсіз: Қазақстандықтар Жерорта теңізіндегі жаңа бағытты таңдайды

Кипрда демалу қауіпсіз: Қазақстандықтар Жерорта теңізіндегі жаңа бағытты таңдайды
Фото: Ollie Craig

Бүгінде шетелге демалуға шығатын адам ең алдымен қонақүйдің бағасын емес, өзінің қауіпсіздігін ойлайтын болды. Себебі әлем тыныш емес, соғыс өршіп тұр. Ал демалатын аймақтар саны қысқарып жатыр. Осы орайда Air Astana қауіпсіз әрі сапалы демалысты қалайтын қазақстандықтар үшін Кипр Республикасына тікелей рейс ашты, деп хабарлайды kznews.kz.

Енді Астана мен Алматыдан тікелей Ларнакаға тоқтамай ұшып баруға болады. Небәрі 5-6 сағатта сіз отырған лайнер Орталық Азия елдерін кесіп өтіп, Әзербайжан мен Түркия арқылы Жерорта теңізіндегі жауһар арал Кипрға уайым-қайғысыз жеткізеді.

Air Astana әуекомпаниясының Airbus A321LR жайлы ұшағы Астанадан сейсенбі мен сенбі күндері ұшса, Алматыдан бейсенбі және жексенбі күндері ұшады. Мен де осындай мүмкіндікті пайдаланып бір топ журналистермен бірге Алматыдан тарихы терең Кипрға ұшып барып қайттым. Ендеше бұл бағыттың қандай артықшылығы барын жіпке тізгендей етіп айтып берейін.

Айтпақшы, билет құнына келетін болсақ Астанадан эконом орынмен ұшсаңыз, барып-қайту құны 286 881 теңгеден басталады. Ал Алматыдан ұшқан жолаушы қос бағытқа 300 819 теңге төлейді.

Алғашқы әсер: Еуропа болса да мәдениеті таныс

Кипрге аяқ басқан сәттен бастап ерекше бір жылы сезім пайда болады. Мұнда бәрі Еуропаға тән болғанымен, бізге мүлде жат еместей көрінді. Бәрі таныс секілді.

Кипр тұрғындарының басым бөлігі – гректер. Сондықтан олардың тілі, мәдениеті, музыкасы мен дәстүрі қазақстандықтарға бұрыннан жақын. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанға қоныс аударған мыңдаған грек отбасылары біздің елдің дамуына зор үлес қосты. Кейін тарихи отанына көшкенімен, Қазақстанмен байланысын үзген жоқ. Бүгінде елімізде де грек мәдени орталықтары жұмыс істейді.

Сол себепті Кипрде жүргенде бөтен елде жүргендей әсер болмайды. Адамдарының ашық мінезі, қонақжайлығы, үлкенге құрметі бізге жақын. Қонағын көрсе туғанын көргендей қуанады. Бізді Лариса есімді гид пен Такис есімді жүргізуші күтіп алды. Лариса – орыс қызы, кипр азаматына тұрмысқа шыққан. Осы аралда 30 жылға жуық өмір сүріп келеді. Грек тілі мен мәдениетін кипрлықтардан артық білмесе кем білмейді. Қазақстандықтарға құрметі бір бөлек: «сәлем» мен «рақмет» сөзін тез жаттап алды.

Ал Такис бізді бұрыннан танитындай емен жарқын араласып кетті. Болмысынан нағыз кипрлықты көресің. Бойы еңселі, даусы жуан. Бірақ жүзі жылы. Атам қазақ жүзі жылыдан түңілме деген. Өзі жас кезінде фотограф әрі музыкалық диджей болған. Жүрген жерімізде бізді фотоға түсіріп көмектесті. Сондай-ақ қазақ эстрадасындағы жұлдыздар туралы көп сұрады. Тіпті телефонына Қайрат Нұртастың бірнеше әнін жазып алып, алыс сапарларда сол әндерді қойып, бізді марқайтып қойды.

Жерорта теңізінің дәмі

Кипр асханасы да қазақ туристеріне тосын болмайды. Біз күнделікті мәзірде көріп жүрген әйгілі грек салаты дәл осы өңірдің табиғатымен біте қайнасқан тағам. Балғын қызанақ, қияр, тәтті бұрыш, зәйтүн жидегі, хош иісті зәйтүн майы, фета ірімшігі – мұның бәрі осы аралдың табиғи өнімдері.

Бірақ кипрлықтардың нағыз мақтанышы – халуми ірімшігі. Бұл – тек Кипрде қалыптасқан ерекше технологиямен дайындалатын ұлттық өнім. Мұндай ірімшікті қыздырсаңыз оңайлықпен ерімейді. Сондықтан халумиді көбіне грильде қуырып береді. Сырты қызарып піскенімен, ішкі құрылымы жұмсақ күйінде қалады. Кипрге барған туристердің басым бөлігі дәл осы ірімшікті міндетті түрде сатып алады.

Кипрға барған адамның көретін дәстүрлерінің бірі – мезе (Meze). Бұл – жай ғана түскі немесе кешкі ас емес, қонақжайлықтың, дастарқан мәдениетінің және адамдарды жақындастыратын ерекше салттың көрінісі.

Кипрлықтар дастарқанға бір ғана тағам әкелмейді. Оның орнына даяшылар үстелге бірінен кейін бірі ондаған шағын тағам ұсынады. Алдымен түрлі зәйтүн, жаңа піскен нан, хумус, көкөністер мен салқын тіскебасарлар келеді. Кейін халуми ірімшігі, теңіз өнімдері, балық, тауық еті, қой еті, грильде қуырылған кәуаптар кезек-кезек беріледі. Соңында жеміс-жидек пен тәттілер ұсынылады. Кейбір мейрамханаларда мезенің құрамына 20-30 түрлі тағам кіреді.

Біздің топ 3-4 күнде бірнеше мейрамханаға кірді. Міне сол мейрамханалардың барлығында мезе тәсілімен ас ұсынды. Тағам түрлерінің көп болғандығынан мейрамханалар бірінің мәзірін бірі қайталамады десек те болады.

Мезенің басты ерекшелігі – мұнда ешкім асықпайды. Бұл – қарын тойдыру үшін емес, адамдардың бір дастарқан басына жиналып, ұзақ отырып әңгімелесуі үшін қалыптасқан дәстүр. Әр тағам аз мөлшерде беріледі, сондықтан әрқайсысының дәмін асықпай татып көруге мүмкіндік бар. Қазақтың ет тартылып болғаннан кейін ұзақ отырып шай ішіп, әңгіме-дүкен құратыны сияқты, кипрлықтар үшін де мезе – ең алдымен қарым-қатынас мәдениеті.

Тағы бір ерекше әсер қалдырған жәйт – зәйтүн жемісі. Мұнда олар жай ғана тағам емес, ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеттің бір бөлігі. Кейбір зәйтүн ағаштарының жасы бірнеше жүз жылға жетеді.

Менің ұсынысым:

  • Жағажайға қарап, дәмді тағамдардан дәм татқыңыз келсе Айя-Напа қаласындағы Isola Beach Bar  мейрамханасына бас сұғыңыз. Балық пен ет өнімдерінің бірнеше түрі бар.
  • Тарихы бай шағын қалашықтарды аралап жүріп ас ішкіңіз келсе Омодос елді мекеніне барып, To Katoi тавернасына бас сұғыңыз. Мұнда мезе дәстүріне сай ең дәмді тағамдар ұсынылады.
  • Ал ғажап музыкаға бөленіп, кешкі ас ішкіңіз келсе Лимасол қаласындағы Nammos мейрамханасына кіріңіз. Мен үшін теңіз өнімдерінің ең дәмдісін – сибас балығын осы жерде дайындады.

Көк пен көктің түйіскен жері

Көпшілік Кипрді тек жағажайларымен ғана біледі. Оған мың себеп дәлел.

Жерорта теңізінің мөлдір суы, ақ құмды жағажайлар, яхталар, күн сәулесі мен таза ауа – аралдың басты байлығы. Кейбір жағажайлар халықаралық Blue Flag экологиялық сапа белгісіне ие. Бұл теңіз суының тазалығы мен жағажай инфрақұрылымының әлемдік талаптарға сай екенін білдіреді.

Мұнда таңертең теңізге шомылып, кешке жағалау бойындағы мейрамханаларда күннің батуын тамашалау – қалыпты өмір салты.

Еуропаның көптеген елінен, Ұлыбританиядан, Германиядан, Скандинав елдерінен және араб мемлекеттерінен мыңдаған турист дәл осы тыныштық үшін келеді. Енді олардың қатарына қазақстандықтар да қосылып жатыр.

Алайда аралдың ішкі бөлігіне шыққан кезде мүлде басқа әлем ашылады.

Ежелгі грек өркениетінің іздері сақталған қалалар, бірнеше мың жылдық тарихы бар храмдар, ортағасырлық қамалдар, жүзім алқаптары, тау ауылдары – мұның бәрі Кипрдің екінші қыры.

Тіпті көпшілік біле бермейтін тағы бір қызық дерек бар.

Кипрдің орталық бөлігіндегі Троодос тау жотасында қыс мезгілінде қар жауып, шаңғы тебуге мүмкіндік болады. Бір күннің ішінде таңертең тау басындағы қарды көріп, түстен кейін Жерорта теңізіне шомылуға болатын әлемдегі санаулы орындардың бірі осы Кипр.

Кипрда тағы қандай қызық бар?

  • Thalassa деп аталатын керемет теңіз музейін тамашаладық. Мұнда біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда теңіз қарақшылары батырған «Кирения Элефтерия» кемесінің айна қатесіз көшірмесі тұр.
  • Лефкара қалашығы – Кипрдың көркем елді-мекендерінің бірі. Бұл ауылдың тар көшелерінен ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрді сақтап, кесте тігетін әйелдерді көруге болады. Сондай-ақ күмістен жасалған қолөнер туындыларын көптеп кездестіруге болады.
  • Аргос ауылына бас сұғып, жаңғақ пен зәйтүннен әзірленетін тосаптан дәм таттық. Сондай-ақ раушан гүлдерінің күлтесінен қайнатылған тосап жасайтын кішігірім зауыттың жұмысымен де танысып үлгердік. Мұнда шоколадтан бастап балауыз шамға дейін шығарады.

Кипрдың ең басты ерекшелігі – қауіпсіздігі

Әлемде саяси тұрақсыздық күшейіп тұрған кезеңде арал өзінің тыныш өмір салтын сақтап келеді. Қала көшелерінде еркін серуендеуге болады. Туристік инфрақұрылым жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ағылшын тілі барлық жерде дерлік қолданылады.

Қазақстандық турист үшін тағы бір маңызды фактор – визалық рәсімдердің қарапайым болуы және тікелей рейстің іске қосылуы. Астана не Алматыда виза орталығында небәрі 1 апта көлемінде сіз визаңызды ала аласыз.

Қандай қонақүй таңдаған дұрыс?

  • Кипрда біз 3 түрлі қонақүйге тоқтадық. Бірінші Протарас демалыс аймағында Herbal hotel-ге бас сұқтық. Бұл қонақүйді көп жағдайда ТМД-дан келген туристер таңдайды. Себебі мұндағы қызметкерлердің дерлігі орыс тілінде сөйлей алады.
  • Екінші қонақүй Точни ауылындағы Tochni Tavern отель-бутигі. Аралды көлікпен аралап жүргендерге бұл жер жан тыныштығын сылайды. Бағасы да қолжетімді. 110 евроға сіз терассасы бар бөлмеге орналасасыз.
  • Үшінші орналасқан қонақүйіміз люкс сегментіне жатады. Parklane, a Luxury Collection Resort & Spa сізді жан рақатының тұңғиығына сүңгітіп жібереді. Таяқ тастам жерде теңіз де, жағажай да, бассейн де бар. Тіпті люкс бутиктер де осы отельдің аумағында орналасқан.
Автор
Асқар Алтайұлы

Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.