15 қаңтардан бастап Қазақстан кинотеатрларында бірқатар жаңа фильмнің премьерасы өтті. Жаңа туындылардың ішінде отбасылық драмадан бастап, триллер және хоррор жанрларына дейін фильмдер бар.
КЕЛЕШЕККЕ САПАР (Прибытие будущего) 7.0 ⭐
Ұлыбритания мен Францияда түсірілген романтикалық драма 110 минут уақытыңызды алады.
Өнердің басты мәні — сезімді жеткізу екені бәрімізге белгілі. Ал өткен шақтағы әсерлер, әрекеттер мен сезімдер болашақтағы оқиғаларды алдын ала анықтай ала ма? Өнер туындысына бейнеленген сезімдер арқылы біз алдағы қателіктерден қалай сақтана аламыз? Фильм көрерменді ойға батырып, өткен мен болашақты, сезім мен іс-әрекетті байланыстыра қарауға шақырады. Бұл туынды арқылы әркім өз өміріндегі шешімдерін қайта ойлап, болашаққа жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік алады.
ӘКЕ, АНА, ӘПКЕ, АҒА (Отец мать сестра брат) 6.3 ⭐
Кейт Бланшет пен Адам Драйвер Джим Джармуштың жаңа шедеврінде өнер көрсетіп, Венеция кинофестивалінің көрермендерін таңғалдырды. Бұл фильмнің де ұзақтығы — 110 минут.
Драма мен комедияны ұштастырған фильмде ата-анасын және бір-бірін түсінуге тырысқан ересек балалар жайлы үш нәзік әрі жүрек тебірентерлік оқиға баяндалады. Бірінші сюжетте ұлы мен қызы Американың ауылында жалғыз тұратын әкесіне барып, жүрек түкпіріндегі ойларын бөлісуге мүмкіндік іздейді.
Екінші әңгімеде екі әпке Дублинге барып, жазушы аналарымен кездеседі. Ананың ішкі әлеміндегі қашықтық әпкелермен арасындағы байланысты әлсіретіп, олардың арасына тосқауыл болып тұр.
Ал үшінші сюжетте ересек егіздер Париждегі балалық сәттерін өткізген пәтерге оралып, өткен өмірмен қоштасуға тырысады.
Фильм көрерменге отбасы, қарым-қатынас және өткен мен қазірдің арасындағы нәзік байланыс туралы ой салатын шынайы және әсерлі туынды ретінде ұсынылды.
СОҢҒЫ ДЕМ 8.1 ⭐
Қырғызстандық режиссер Автандил Батырбеков түсірген драмалық фильм 107 минутқа созылады.
Қырғызстанның қатал тауларында қарапайым қойшы Бақыт жараланған құлын Мончокты құтқарып қалады. Бұл тұлпар — аңызға айналған шапқын аттардың тұқымы еді. Ал оны адамдар сойюға жібермекші болып тұрған. Бақыттың қызы Қарлығаш үшін бұл жылқы үміт пен армандардың символына айналады.
Бақыт Мончокты өсіріп, оған жаңа өмір сыйлауға бел буады. Жарыстардағы жеңістер даңққа жеткізгенімен, сол жеңістер басқалардың ашкөздігін оятады. Содан кейін ықпалды әрі қатал Назым жылқыны күшпен тартып алады. Бақыт өзі үшін аса ауыр таңдаудың алдында тұрды: Мончоктың бостандығы үшін күрес пе, әлде өміріне қауіп төнген қызын құтқару ма?
Фильм көрерменді адалдық, батылдық пен жанашырлық тақырыптары арқылы ерекше әсерге бөлейді.
ҚҰШАҚТАШЫ МАМА 8.7 ⭐
Отандық жаңа туынды сізді елең еткізбей қоймасы анық. Нұрғиса Әлмұраттың 120 минуттық фильмі драма жанрында түсірілген.
Бұл — Жалғас пен оның отбасының, әсіресе анасымен қарым-қатынасы жайлы драма. Жалғаста бәрі бар — табыс, отбасы, жайлы өмір, бірақ ол жан тыныштығын таба алмайды. Өткеннің көлеңкелері мен жасырын сырлар оны бір сәтке де тастамайды. Ол балалық шақтағы орындалмаған армандары мен отбасылық қиыншылықтар үшін анасы Майрашты кінәлайды.
Бір күні, анасы мен келіні арасындағы дау-дамайдан кейін үйде үлкен айқай шығады. Жалғас анасының туған күнінен бұрын оны ауылға апарып, жол бойында сөйлесіп, өзара есептесуді шешеді. Бірақ екеуі де жолдағы әр аялдама, кездейсоқ кездескен адам, әр километр Жалғастың ең ауыр сырларын ашып, өмірін түбірімен өзгертетінін білмейді. Сол сырлар оны өткені мен бүгініне жаңа қырынан қарауға мәжбүрлейді.
СЕНБІДЕГІ СЕРГЕЛДЕҢ (Убойная суббота) 7.4 ⭐
Шытырман оқиғаға толы комедияның режиссері — Люк Гринфилд. АҚШ-та түсірілген туындыға 93 минутыңызды жұмсайсыз.
Брайан жұмысынан айырылып, «таза ауаның директоры» рөліне енді.
Бір күні ол басқа бір «үй әкесі» ұйымдастырған балалар кездесуіне барады, бірақ ол жерде күтпеген жағдайлар мен күлкілі оқиғалар бірінен соң бірі пайда болады. Кездейсоқ әкелер, бала-шаға шытырмандары, шағын апаттар… бәрі бір сәтте сенбіні нағыз сергелдеңге айналдырады.
ГИПНОЗ 8.7 ⭐
Жоғарғы рейтинг жинап жатқан отандық фильмді режиссер Олжас Баялбаев түсірген. 105 минутқа созылатын қылмыстық драма шынайы оқиға желісінде өрбиді.
Фильм алғашқы минуттардан-ақ көрерменді өзіне тартады. Картинада гипноз арқылы жасалатын қылмыстар мен жастардың жеңіл ақшаға қызығуы қандай ауыр салдарға әкелетіні шынайы әрі әсерлі түрде бейнеленген.
ҚАРҒЫС. ҚАНТ ФАБРИКАСЫ (Проклятие. Сахарная фабрика) 6.4 ⭐
Ал сізге хоррор жанры ұнаса, индонезиялық режиссер Ави Сурьяди түсірген фильмге келіңіз. Туындының ұзақтығы — 133 минут.
Жеті дос ескі қант зауытына маусымдық жұмысқа келіседі. Мұнда басты ереже — қараңғы түсіп кеткеннен кейін далаға шықпау. Бұл ережені бұзған сәттен бастап, кейіпкерлер түркі қауіп-қатерге тап болады. Олар қорқыныш пен өлімнің иллюзиялары шындыққа айналған тұзаққа түсті. Енді тірі қалу үшін оларға қашу керек… бірақ кімнен?
ОТБАСЫЛЫҚ ІС (Дело семейное) 7.3 ⭐
Детектив, драма, комедия, криминал мен триллер жантрларын бір туындыға топтастырған Алекс Уинтер сізге сан түрлі әсер сыйлағысы келеді. 97 минут уақытыңыз болса, кинотеатрға асығыңыз!
Ата-анасының үйін сатпас бұрын, әпкесі мен бауыры Меган мен Ной оны ретке келтірмек болады. Алайда жертөледен көп жыл бұрын жоғалған көршінің мәйіті табылады.Олар бұл оқиға өздерін ауылдағы қылмыстық жаңалықтардағы басты кейіпкерлерге айналдыра алатынын түсінеді. Сондай-ақ, бұл мұраны иеленуге де кедергі келтіруі мүмкін. Балаларына тек бір ғана жол қалады — мәселені «отбасылық» әдіспен шешіп, ата-анасының қылмысын жасыру. Алайда куәлар пайда болып, оларды бопсалай бастағанда, жаңа серіктестер де қауіпті әрі тайғақ жолға түсуге мәжбүр болады.
28 ЖЫЛДАН СОҢ — II БӨЛІМ: СҮЙЕКТЕР ҒИБАДАТХАНАСЫ (28 лет спустя — часть II: Храм костей) 7.5 ⭐
АҚШ пен Ұлыбританияда түсірілген туындының режиссері — Ниа ДаКоста. Ал ұзақтығы — 109 минут.
Оқиғаның жалғасында доктор Келсон күтпеген жағдайларға тап болады. Бұл жақындықтың салдары үйреншікті дүниенің астан-кестеңін шығаруы әбден мүмкін. Ал Спайк үшін Джимми Кристалмен жолығу — ұшы қиыры жоқ тозаққа түскендей әсер қалдырады.
Сүйектер ғибадатханасында енді ең үлкен қауіп — індет жұқтырғандар емес. Нағыз үрей тірі қалған адамдардың өз бойынан шығады: адамдық қасиет жоғалған жерде қатыгездік те, ақылға сыймас сұмдық та шексіз.
ЖҰМАҚТАН БИЛЕТ 8.1 ⭐
Жан тебірентерлік тағы бір отандық фильмнің режиссері — Асқар Бисембин. Комедиялық драма 104 минутқа созылады.
Қырық жасқа келген Мақсат Дүйсенбаев өмірінің ең ауыр кезеңін бастан кешіп жүр. Жанына жақпайтын жұмыс, аяқ астынан кейінге шегерілген қызметтік өсу, онсың үстіне үшінші баланың дүниеге келгелі жатқаны туралы хабар — бәрі қосылып, оның өмірін астаң-кестең етеді. Мақсат мына жалғаннан торығып, өмірі мүлде басқа арнамен кетіп бара жатқандай сезінеді.
Дәл осы тығырыққа тірелген сәтте оның өмірінде жиырма жыл бұрын көз жұмған әкесі қайта пайда болады. О дүниеден қайта оралған ол кезінде баласына берген, бірақ орындап үлгермеген уәделерінің бәрін енді жүзеге асырмақ. Әке мен баланың ортақ сапары күлкілі де қисынсыз, кейде жүрекке тиетін сәттерге толы. Оқиға Мақсатты өзіне, отбасына және өмірдің мәніне мүлде басқа қырынан қарауға жетелейді.
«Жұмақтан билет» атты комедиялық драма — бұл екінші мүмкіндік, орындалмай қалған армандар және өткенмен табысу туралы әсерлі хикая.