kznews.kz сайтының сауалына орай Астана қалалық полиция департаменті қате жазылған айыппұлдарға қатысты түсініктеме берді.
Ведомствоның мәліметінше, жүргізуші өз кінәсіздігін дәлелдеген жағдайда жұмсаған уақыты мен шығындары үшін өтемақы қарастырылмаған.
«Бұл жағдайда заңнамада қандай да бір өтемақы көзделмеген. Жүргізуші қаулыда көрсетілген телефон нөміріне хабарласып, Полиция департаментіне немесе Әкімшілік полиция басқармасына жүгінуіне болады. Сондай-ақ ЕРАП қоғамдық секторы, eGov, e-Өтініш платформалары, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе 102 арқылы өтініш беруге мүмкіндік бар. Егер техникалық қате расталса, айыппұл төлеу туралы қаулының күші жойылады», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Сондай-ақ ведомство айыппұлға шағымдану процесі туралы да пікір білдірді.
«Қате жолданған айыппұл қаулысын жою процесі күрделі емес. Алайда жүргізуші қаулымен келіспеген жағдайда оны даулауға белгілі бір уақыт қажет. Бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады», – деп түсіндірді полиция өкілдері.