Мадридтік «Реалдың» француз жұлдызы Килиан Мбаппе Испания чемпионатындағы керемет нәтижелі ойынымен жанкүйерлерді тәнті етуде, деп хабарлайды kznews.kz.
Ла Лиганың 11-туры аясында өткен «Валенсияға» қарсы кездесуде (4:0) Мбаппе дубль авторы атанып, 19 және 31-минуттарда гол соқты.
Осылайша, француз шабуылшысы Ла Лигадағы алғашқы 45 матчында 44 гол соғып, әйгілі Криштиану Роналдудың көрсеткішінен асып түсті. Бұған дейін португалиялық футболшы дәл осындай ойын санында 43 голсалған еді.
Дереккөз мәліметінше, мұндай нәтижеге Испания чемпионатында Ференц Пушкаштан бері ешкім жете алмаған. Венгриялық аңыз ойыншы алғашқы 44 кездесуде 44 гол соққан болатын.
Айта кетейік, Килиан Мбаппе 2024 жылы ПСЖ клубынан «Реал Мадридке» ауысып, 2029 жылға дейінгі келісімшартқа қол қойған.
Биылғы маусымда ол мадридтік команда сапында барлық турнирде 14 ойын өткізіп, 18 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген.
Қазіргі таңда «Реал» 30 ұпаймен Ла Лига турнир кестесінде көш бастап келеді. Келесі матчта Хаби Алонсоның шәкірттері 9 қараша күні сырт алаңда «Райо Вальеканоммен» кездеседі.