Қазақстандық режиссер Кенжебек Шайқақовтың «Айқай» толықметражды көркем фильмі Францияның Везуль қаласында өткен 30-шы Халықаралық Азия фильмдері кинофестивалінде Халықаралық Қазылар алқасы тағайындаған Гран-приді жеңіп алды.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мәліметінше, картина бұған қоса Орта Азия киносыншыларының «НЕТПАК» жүлдесін және Марк Хаас атындағы арнайы сыйлықты да иеленген.
Сондай-ақ, фильмде басты рөлдерді сомдаған Орынбек Шаймағамбетов пен Арнұр Акрамға қазылар алқасының арнайы дипломы табысталды.
Осылайша төрт бірдей жүлдеге ие болған «Айқай» төрешілерді тәнті қылған таңдаулы фильмдердің бірі ретінде Везуль кинофестивалінің тарихында қалды.
Айта кетерлігі, бұған дейін Оңтүстік Кореяда 4-13 қазан аралығында өткен әйгілі Пусан кинофестивалінде аталған қазақстандық картина А Window on Asian Cinema бағдарламасында көрсетіліп, тұсауы кесілген болатын.
Көркем фильмнің түсірілімі Абай облысы, Аягөз ауданы, Шыңғожа ауылында өткен. Режиссердің айтуынша, картинада басты рөлдегі Меліс атты кейіпкерді кәсіби актер емес, расында екі аяғынан айырылған қызылордалық азамат — Орынбек Шаймағанбетов сомдаған. Ал Мелістің мектеп қабырғасында оқитын ұлы — Жалғастың рөлін Алматы облысы Қарасай батыр атындағы мектептің 7 сынып оқушысы Арнұр Акрам ойнаған. Сондай-ақ, қосалқы рөлдерде белгілі актерлар Ерболат Әлқожаев, Бейнұр Баймұхамбетов, Ерлан Малаев, Айбек Иманқұлов, Айғаным Нұрсұлтан бой көрсетеді.«Фильмде күллі қазақтың қасіреті болған „Семей полигоны“ құрбандарының тағдыры ядролық жарылыстан зардап шегіп, қос аяқсыз дүниеге келген азаматтың өмірі арқылы бейнеленеді. Жарынан айырылған жалғызбасты ер адам мен жарымжан әкесіне жанашыр, қамқор бола білген баланың күйбең тіршілігі арқылы режиссер 1980-90 жылдардағы халықтың жағдайын көрсетеді» — делінген хабарламада.