КазТАГ агенттігінің бас директоры Әсет Матаев осы медиаресурстың бас редакторы Әмір Қасеновтың ұсталғанын хабарлады.
- Бүгін 19.00 де Астана қаласының Есіл аудандық полициясы КазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновты ұстады. Қорғаушыларымыздың хабарлауынша, журналист тергеуге шақырылып, артынша қамауға алынған. Біз бұл әрекетті Қазақстандағы еркін баспасөзге жасалған қысым деп қабылдап, айыптаймыз, - деп жазды Әсет Матаев өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында.
Медиаресурс бас директоры Әсет Матаев журналистің қамалуына қоғамдық резонансқа ұласқан Freedom Finance компаниясына қатысты жарияланған мақалалар негіз болды деп санайды.
Біз қаржы ұйымы мен медиаресурс арасындағы текетірес туралы жазғанбыз. Бұл мәселеге Премьер-Министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да алаңдаушылық білдіріп, мәлімдеме жасаған болатын.