KZNEWS.KZ
Сараптама

Қазақстанның AI амбициясы: мақсат пен мүмкіндіктің арасы

Фото: ашық дереккөздерден

Дәл осы мәселе "AI & Digital Bridge-2026" халықаралық форумында кеңінен талқыланған болатын. Әуелі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның толық цифрлық мемлекетке айналу бағытындағы жұмыстарын атап өтіп, өткен жылы IT-қызметтер экспорты 1 миллиард доллардан асқанын және қазақстандық цифрлық шешімдер жүзден астам елде қолданылатынын айтты. Сонымен бірге ол енді қол жеткізілген нәтижелермен шектелуге болмайтынын атап өткен еді.

Біз тақырыпқа орай сарапшылардың да пікіріне құлақ түрген болатынбыз. Мысалы, саясаттанушы Эдуард Полетаев еліміздің жасанды интеллект жөніндегі қазіргі бағытына баға бере отырып, мәселенің екі жағына назар аударады.

- Жалпы, ЖИ мемлекеттік басқару мен қызмет көрсетуге, өнеркәсіпке, қаржыға, білімге, денсаулық сақтау мен ғылымға көмектесетін, адамдардың өмір салтын өзгертетін болашақты көздейді. Бұл мақсаттардың маңызы бар. Осы тұрғыда Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы саясаты болжамды сұраққа іс жүзінде жауап береді, - дейді саясаттанушы, Эдуард Полетаев.

Президенттің ұсыныстары да осы бағыттағы жұмыстарды айқындап берді. Тоқаев экономикадағы нақты сұраныстарға негізделген индустриялық AI-міндеттердің тізімін жасап, оның негізінде қазақстандық және шетелдік командалар қатысатын AI Challenge өткізуді ұсынды.

Әлбетте, бұл жердегі маңызды мәселе жасанды интеллектіні көрсетілім немесе жекелеген пилоттық жоба деңгейінен шығарып, нақты экономикалық міндеттерді шешетін құралға айналдыру болып отыр.

- Жасанды интеллект пен цифрландыру, менің ойымша, жеке адамның да, жалпы мемлекеттің де материалдық әл-ауқатының жаңа базасы болып табылады. Қазақстан үшін ЖИ мен цифрға деген қызығушылық бетбұрыс нүктесіне айналуы мүмкін. Олардың негізіндегі практикалық шешімдерді енгізу мемлекеттік қызметтерді жаңғыртуға, өндірістік процестерді оңтайландыруға, денсаулық сақтау мен білім беру сияқты салаларды жақсартуға мүмкіндік береді, - дейді сарапшы Эдуард Полетаев.

Алайда, технологиялық амбицияның екінші жағы бар екенін де еске салады. Яғни, Қазақстан дайын шетелдік AI құралдарын тұтынушы ел болып қалмай, өзінің технологиялық өнімдерін жасай алатындай саясат ұстануға тиіс. Мұнда мәселе тек алгоритмде емес. Жасанды интеллект сапалы деректерді қажет етеді. Мемлекеттік органдарда, медицинада, білімде, өндірісте және басқа салаларда жиналған ақпараттың өзі автоматты түрде тиімді AI жүйесіне айналмайды. Деректерді құрылымдау, сапасын арттыру және қауіпсіз сақтау қажет.

Саясаттанушы Полетаев осы мәселені Қазақстанның AI саясаты үшін негізгі шарттардың бірі ретінде қарастырады.

- Жасанды интеллект өздігінен дерек қалыптастырмайды, ол талдайтын массивті пайдаланады. Ең бастысы бұл массивтің көлемі мен сапасы жеткілікті болуы керек. Сондықтан әзірге адам факторысыз бұл жерде нәтиже болмайды, - дейді ол.

Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстанның AI стратегиясы тек технология сатып алуға немесе дайын модельдерді пайдалануға тірелмеуі керек. Елге ұлттық AI архитектурасы, есептеу қуаты, деректер инфрақұрылымы және ғылыми-зерттеу базасы қажет.

Президент аталған форумда технологиялық серпіліс үшін ғалымдар, инженерлер мен кәсіпкерлер қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, заманауи дата-орталықтар мен озық технологиялардың болуы өздігінен қажетті нәтиже бермейді.

Сондықтан Qazaq AI Research University оқу орынына үлкен үміт артылып отыр. Бірақ, университеттің міндеті тек студенттерді дайын AI құралдарын қолдануға үйретумен шектелмеуі керек.

- Университетке студенттерді өзгенің құралдарын пайдалануға үйрету үшін ғана емес, жергілікті қажеттілікке сай үлгілер жасауға ынталандыратын жағдай қажет. Сонымен бірге мемлекет Қазақстандағы деректерді цифрландырудың күрделі жұмысын жалғастыруға тиіс. Онсыз жасанды интеллект пайдасы аз құрал болып қала береді, - дейді бұған қатысты өз ойын айтқан Эдуард Полетаев.

Жалпы, бұл жерде Қазақстанның технологиялық тәуелсіздігі мәселесі туындайды. Егер ел тек сырттан дайын модельдерді алып, соларды пайдаланумен шектелсе, цифрлық инфрақұрылым дамығанымен, негізгі технологиялық құн басқа мүдделердің ықпалында қалуы мүмкін.

Сондықтан AI саясатының нәтижесін тек қанша сервис енгізілгенімен өлшеу жеткіліксіз. Өзінің моделін жасаған зерттеу орталықтары, қазақстандық AI стартаптары, экспортқа шығатын технологиялық өнімдер және осы саланы қамтамасыз ететін инженерлік кадрлар да маңызды көрсеткішке айналады.

Айтпақшы, Қазақстанда жасанды интеллектіні реттейтін құқықтық база да қалыптасып жатыр. Президент "Жасанды интеллект туралы" заң мен Цифрлық кодексті цифрлық трансформацияның негізгі құқықтық негіздерінің бірі ретінде атады. Сонымен бірге Тоқаев шамадан тыс реттеу перспективалы командалар мен капиталдың басқа елдерге кетуіне әкелмеуі керектігін ескертті.

Әлбетте, бұл жерде тепе-теңдік қажет дейді мамандар. Бір жағынан, азаматтардың дербес деректерін қорғау, киберқауіпсіздік және AI шешімдерінің жауапкершілігі қамтамасыз етілуі керек. Екінші жағынан, реттеу инновацияға кедергі келтірмеуі тиіс.

Демек, Қазақстанның AI жөніндегі қазіргі стратегиясында мақсат жеткілікті. IT экспортының өсуі, цифрлық қызметтердің кең таралуы және технологиялық компаниялардың қалыптасуы елде белгілі бір база бар екенін көрсетеді. Бірақ, келесі кезең әлдеқайда күрделі болмақ. Өйткені, Қазақстан енді AI-ды тұтынатын елден оны жасайтын елге айналу міндетімен бетпе-бет келеді. Сарапшылар оның нәтижесі үш факторға байланысты болады деп болжайды. Яғни, сапалы ұлттық дерек, білікті адам капиталы және нақты экономикаға қажет технологиялық өнім басты міндет болуға тиіс.

Тоқетерін айтқанда, Қазақстанның AI амбициясының шынайы өлшемі форумдардағы мәлімдемелер емес, осы технологияның өндірістегі өнімділікке, мемлекеттік қызмет сапасына, ғылымға және азаматтардың күнделікті өміріне қаншалықты нақты нәтиже беретінінде болмақ.

Қалмаханбет Мұқаметқали
Журналист-экономист. Журналистика саласында 33 жыл еңбек етуде. Еңбек жолын аудандық газетте бастап, республикалық басылымдарда басшылық қызметтер атқарған.
Автордың басқа материалдары →