KZNEWS.KZ
Саясат

Қазақстаннан Камбоджаға тікелей рейс ашылуы мүмкін: Тоқаев ұсыныс айтты

• Асқар Алтайұлы
Фото: Ақорда

Кездесуде тікелей әуе қатынасын ашу, сауда-экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері көтерілді, деп хабарлайды kznews.kz.

Мемлекет басшысы Хун Манеттің сапарын тарихи оқиға деп бағалады. Бұған дейін Камбоджа премьер-министрлері Қазақстанға сапармен келмеген.

«Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз», – деді Президент.

Тоқаев қазақстандықтардың Камбоджаның көрікті жерлерін тамашалауға қызығушылық танытатынын айтып, екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауды ұсынды. Сондай-ақ гуманитарлық байланыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.

Президент Қазақстан мен Камбоджаның табиғи ресурстарға бай екенін, осы бағыттағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік барын жеткізді.

Өз кезегінде Хун Манет Қазақстанға шақырғаны үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, екі елдің дипломатиялық байланыс орнатқанына 30 жылдан асқанын айтты. Ол энергетика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге мүдделі екенін жеткізді.

Камбоджа тарапы Қазақстанның электронды үкімет саласындағы тәжірибесіне де қызығушылық танытып отыр.

«Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр», – деді Хун Манет.

Келіссөз барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстарды және көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →