KZNEWS.KZ
Аймақ

Қазақстанда жол ережесін бақылайтын 32 мың камера жұмыс істейді – Ержан Сәденов

Асқар Алтайұлы
Фото: GOV.KZ

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Сәденов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды kznews.kz.

Министрдің мәліметінше, елімізде жол-көлік оқиғаларының саны 5 пайызға төмендеген. Апат салдарынан қаза тапқандар саны 15 пайызға, ал жарақат алғандар саны 6 пайызға азайды.

Жол қозғалысын бақылау үшін цифрлық шешімдер мен мамандандырылған бағдарламалық кешендер кеңінен қолданылып жатыр. Қазіргі уақытта салалық сервистердің барлығы «ТОР» платформасына біріктірілген.

Жасанды интеллектінің көмегімен көлік қозғалысы бақыланып, рөлде сегіз сағаттан артық отырған жүргізушілер мен ұрланған автокөліктер анықталады. Ал «Қорғау» жүйесі іздеуде жүрген, жалған мемлекеттік нөмір таққан көліктерді және жол ережесін өрескел бұзушыларды табуға мүмкіндік береді.

Ержан Сәденовтің айтуынша, жол ережесін бұзуды автоматты түрде тіркейтін жүйелердің саны 28 мыңнан 32 мыңға дейін артқан.

Республикалық трассаларда орташа жылдамдықты өлшейтін жүйе де тиімділігін көрсеткен. Мұндай бақылау енгізілген учаскелерде жол апаттарының саны 10 пайызға, қаза тапқандар саны 33 пайызға, жарақат алғандар саны 12 пайызға азайған.

Қазір орташа жылдамдықты бақылау жүйесі жалпы ұзындығы 2 800 шақырым болатын 12 жол учаскесінде жұмыс істейді. Жыл соңына дейін Ішкі істер және Көлік министрліктері тағы 16 учаскеде осындай құралдар орнатуды жоспарлап отыр.

Нәтижесінде орташа жылдамдықты өлшейтін жүйе еліміздегі 28 жол учаскесін немесе жалпы ұзындығы 5 600 шақырымды қамтиды.

Асқар Алтайұлы
Kznews.kz сайтының Бас редакторы. ҚазҰУ Журналистика факультетінің түлегі. Медиаменеджер. БАҚ саласында 22 жылдық тәжірибесі бар. Кәсіби блогер.
Автордың басқа материалдары →