Үкіметтің 2026 жылғы 4 қарашадағы қаулысымен Ұлттық пантеонда жерлеу тәртібіне өзгерістер енгізілген.
Жаңа ережеге сәйкес, Пантеонда жерленуге құқығы бар тұлғалардың қатарына мыналар кіреді:
Қазақстанның вице-президенттері;
Премьер-министрлер мен олардың орынбасарлары;
Құрылтай төрағалары мен олардың орынбасарлары;
Қазақстан Халық Кеңесінің төрағалары мен орынбасарлары;
Парламент палаталарының төрағалары мен олардың орынбасарлары;
мемлекеттік хатшылар мен мемлекеттік кеңесшілер;
Президент Әкімшілігінің басшылары;
Конституциялық Кеңес, Конституциялық Сот, Жоғарғы Сот және Ұлттық банк төрағалары;
Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасарлары.
Сонымен қатар министрлер, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері де Ұлттық пантеонда жерлене алады.
Бұған дейін кімдер жерленді?
Бұрынғы ережеде де бірқатар мемлекеттік лауазым иелеріне Пантеонда жерлену құқығы берілген. Олардың қатарында Қазақстан президенттері мен отбасы мүшелері, Премьер-министрлер, Парламент палаталарының төрағалары, министрлер, облыс әкімдері және мемлекеттік наградалармен марапатталған азаматтар болған.
Сондай-ақ «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері», Кеңес Одағының Батыры, Социалистік Еңбек Ері атағын алған азаматтар да осы тізімге кіреді. «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағының иегерлері де Пантеонда жерлене алады.
Бұған қоса, Қазақстанның өзге азаматтары Президенттің ерекше шешімімен Ұлттық пантеонға жерленуі мүмкін.
Жерлеу рәсімін кім ұйымдастырады?
Жаңа қаулыда жерлеу рәсімін ұйымдастыру тәртібі де нақтыланған. Оны марқұмның жұбайының, жақын туыстарының немесе заңды өкілінің бастамасымен Астана, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады.
Әкімдіктер жерлеуге қажетті құжаттарды рәсімдеп, тиісті бұйымдармен қамтамасыз етеді, марқұмның денесін Пантеонға жеткізу мен жерлеу рәсімін ұйымдастыруға жауап береді.
Ұлттық пантеонда жерленген азаматтардың арнайы тіркеу кітабы жүргізіледі. Онда марқұмның аты-жөні, өмірбаяны, Қазақстан алдындағы еңбегі және жерленген күні көрсетіледі.
Үкімет қаулысы 2026 жылғы 17 қарашадан бастап күшіне енеді.