KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Қазақстанда Ұлттық білім беру платформасы әзірленіп жатыр

Қайсар Қанат
Нұрлыбек Нәлібаев. Фото: primeminister.kz

Оның айтуынша, жаңа жүйе мемлекеттік қызметтерді автоматтандырумен қатар, бюджет шығындарын азайтып, үнемделген қаражатты басқа қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік береді.

"Бүгінде Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының барлық саланы, оның ішінде білім беруді цифрландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Ұлттық білім беру платформасын құруға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылуда. Бұл саладағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыруға ғана емес, бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, үнемделген қаражатты басқа да қажеттіліктерге бағыттауға мүмкіндік береді.

Ұлттық білім беру деректер қорын жаңғырту мәселелері бойынша өткен кеңесте Оқу-ағарту министрінің, "Қазақтелеком" АҚ басқарма төрағасының, Шымкент қаласы, Түркістан, Ақтөбе және Алматы облыстары әкімдері орынбасарларының есептерін тыңдадық.

Жаңартылған жүйе арқылы 1-сыныпқа қабылдауға 490 мыңнан астам өтініш онлайн режимде берілген, колледждерге оқуға 220 мыңнан астам талапкер түскен. Бұл – техникалық, орта білімнен кейінгі және кәсіптік білім беру ұйымдарына қабылдау үдерісі толық автоматтандырылғанын айғақтайтын көрсеткіш", – деп жазды ол.

Нәлібаевтың мәліметінше, жаңартылған жүйе арқылы мектеп пен колледжге қабылдау үдерісінің едәуір бөлігі электронды форматқа көшкен. Сонымен бірге білім беру ұйымдарын бірыңғай деректер қорына толық қосу және енгізілетін ақпараттың сапасын бақылау мәселесі де күн тәртібінде тұр.

Кеңес қорытындысында өңірлер мен жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырма берілген.

"Бүгінде мемлекеттік органдар алдында жедел шешуді қажет ететін бірқатар міндет бар. Кеңес қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар бердім. Әкімдіктер "Қазақтелеком" АҚ-мен бірлесіп білім беру ұйымдарын деректер қорына қосуы және тиісті қолжетімділікті сатып алу кестесін енгізуі, кестенің орындалуын бақылауы тиіс. Деректердің толық, анық және уақытылы енгізілуіне жауапты адамдарды тағайындау өте маңызды. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы бұл үдеріс білім беру базасын жаңғыртуға жасалған нақты қадам болмақ", – деп жазды Нұрлыбек Нәлібаев.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары бұл жұмыстар білім беру саласындағы деректерді жүйелеуге, қызметтерді жеделдетуге және цифрлық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →