ҚР ұлттық экономика министрі – премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстандағы табысы жоғары отбасылардың қанша екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.
Құрылтайда өткен брифингте Серік Жұманғарин әлеуметтік реформаға қатысты алдын ала есептерді жариялады.
Министрдің айтуынша, есеп бойынша шамамен 522 мың адам А және В санаттарына кіреді. Оның 70 мыңға жуығы А санатына жатса, қалған бөлігі В санатына енгізілген.
«Қателеспесем, әңгіме 522 мың адам туралы болып отыр. Олардың шамамен 70 мыңы – А санатында, қалғандары – В санатында», – деді Серік Жұманғарин.
Оның сөзінше, қазір азаматтарды санаттарға бөлу бойынша талдау жалғасып жатыр. Сондай-ақ жәрдемақы алушылардың барлығына тиісті хабарламалар жолданады.
Министр әлеуметтік реформаның мақсаты бюджет қаражатын үнемдеу емес екенін атап өтті. Үкімет азаматтарға тиесілі көмектің толық көрсетілуіне басымдық бермек.
«Кеше бұл мәселені талқыладық. Біз азаматтарымызға тиесілі көмекті кем бергенше, олардың пайдасына қарай қателескенді жөн көреміз. Мәселе қалай болғанда да үнемдеу туралы емес», – деп сендірді министр.