KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Қазақстанда әскерге шақыру тәртібі өзгереді: Тоқаев әскери реформа жоспарын мақұлдады

• Қайсар Қанат
Фото: Ақорда

21 қазанда Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, Қазақстанның қорғаныс жүйесін жаңғыртуға арналған әскери реформа жоспарын талқылады.

Президент армияның құрылымы мен басқару тәсілдерін заман талабына бейімдеу қажет екенін айтты. Оның пікірінше, елімізге мобильді, заманауи технологиялармен жабдықталған және кәсіби дайындығы жоғары Қарулы Күштер қажет.

«Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сарбаздар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярланады

Ұсынылған реформаның маңызды бағыттарының бірі – мерзімді әскери қызметтің жаңа үлгісіне көшу.

Жоспар бойынша әскерге шақырылған азаматтар қызметтің алғашқы алты айын арнайы оқу орталықтарында өткізеді. Мұнда олар әскери даярлықтан өтіп, қажетті дағдыларды меңгереді.

Кейінгі алты айда сарбаздар тікелей әскери бөлімдерде қызмет атқарады.

Бұл кезеңде жауынгерлік дайындыққа, әскери бөлімше құрамында тапсырмаларды орындауға және тәжірибелік дағдыларды жетілдіруге басымдық беріледі.

Осылайша, әскери қызмет мерзімін екі кезеңге бөлу арқылы сарбаздарды даярлау сапасын арттыру көзделіп отыр.

Әскердегі қауіпсіздікке қатысты жаңа институттар құрылады

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Жоспарда әскери консультанттар институтын және Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл қызметін құру қарастырылған.

Бұл бастамалар сарбаздардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Сонымен қатар әскери бөлімдердегі жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу, тәртіпті күшейту және әскерді басқару мәдениетін өзгерту шаралары қабылданбақ.

Президент әскердің қоғаммен қарым-қатынасы да жаңаруға тиіс екенін атап өтті.

Қазақстанда Ұшқышсыз жүйелер күштері құрылмақ

Әскери реформа тек сарбаздарды даярлау тәртібімен шектелмейді.

Жоспар аясында Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, әскери басқаруды жетілдіру және қорғанысты жоспарлау жүйесін жаңарту көзделген.

Сондай-ақ Қазақстанда Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру жоспарланып отыр.

Бұл бағыт заманауи әскери технологияларды дамытуға және армияның техникалық мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған.

Бұдан бөлек, Қарулы Күштердің негізгі құрамдас бөліктерін нығайту мәселесі де қарастырылды.

Әскери мектептер желісі кеңейтіледі

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында жастардың әскери-патриоттық тәрбиесіне қатысты бастамалар да таныстырылды.

Атап айтқанда, «Адал азамат» тұжырымдамасына негізделген «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту жоспарланған.

Сондай-ақ мамандандырылған әскери мектептердің санын арттыру және бастапқы әскери даярлықты жетілдіру көзделіп отыр.

Бұған қоса, Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясы әзірленбек.

Жауапты органдар әскердегі тәртіпті нығайту және қоғамның Қарулы Күштерге деген сенімін арттыру бағытында да жұмыс жүргізеді.

Әскери реформа қашан жүзеге асырылады?

Отырыста Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева әскери реформа жоспарының негізгі бағыттарын таныстырды.

Құжат халықаралық тәжірибені, қазіргі заманғы әскери қимылдардың ерекшеліктерін және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленген.

Ал Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту бойынша жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.

Белгілі болғандай, реформаға қатысты ұйымдастырушылық іс-шаралар 2026 жылдың соңына дейін жүзеге асырылуы тиіс. Ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер 2027 жылға жоспарланған.

Сонымен қатар Президент Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеріп жатқан комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы қорытындысында Әскери реформа жоспары мақұлданды. Оның орындалуын үйлестіру Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.

Дегенмен мерзімді әскери қызметтің жаңа екі кезеңді үлгісінің нақты қашан енгізілетіні әзірге жеке нақтыланған жоқ.

Қайсар Қанат
Журналист. Блогер. Фрилансер
Автордың басқа материалдары →