KZNEWS.KZ
Жаңалықтар

Қазақстан Орталық Азиядағы әуе тасымалы нарығында көш бастап тұр

• Азамат Қойшығара
Фото: Air Astana

Қазақстан Орталық Азиядағы жолаушылар әуе тасымалы нарығында жетекші орынға ие. Бұл туралы Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) сарапшыларына сілтеме жасаған povestka_kz Telegram арнасы хабарлады.

ЕАДБ сарапшыларының бағалауынша, Қазақстан Орталық Азиядағы ең ірі жолаушылар әуе тасымалы нарығына және ең кең таралған әуежайлар желісіне ие.

2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі жолаушылар әуе тасымалының 48,7%-ы Қазақстанға тиесілі болса, Өзбекстанның үлесі 35%, Түрікменстанның үлесі 7%, Қырғызстанның үлесі 5,6%, Тәжікстанның үлесі 3,7% болған.

Жалпы, өткен жылы Орталық Азияның бес еліндегі әуе компаниялары 31,7 миллион жолаушы тасымалдаған. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен екі есеге жуық жоғары.

Сарапшылар әуе тасымалы нарығының қарқынды дамуын халықтың ұшақпен қатынау белсенділігінің артуымен байланыстырады. Соңғы 10 жылда Қазақстанда бір тұрғынға шаққандағы жолаушы-километр көрсеткіші 2,4 есеге өскен. Нарықтың кеңеюіне бюджеттік әуе компанияларының пайда болуы да айтарлықтай ықпал еткен.

ЕАДБ мәліметінше, 2015-2025 жылдары Орталық Азиядағы әуе флотының жолаушы тасымалдау мүмкіндігі жыл сайын орта есеппен 7,7%-ға артқан. Бұл әлемдік нарықтың өсу қарқынынан үш есеге жуық жоғары.

Өңірде жүк тасымалы да қарқынды дамып келеді. 2023-2025 жылдары әуе арқылы тасымалданған жүк көлемі төрт еседен астам ұлғайып, 335,7 мың тоннаға жеткен.

Авиация саласының дамуы инвестиция көлемінің өсуімен қатар жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Орталық Азияның әуе көлігі секторына тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жинақталған көлемі 1,4 миллиард долларды құрайды.

Ал 2035 жылға дейін өңірде жалпы құны 5,1 миллиард доллар болатын әуежай инфрақұрылымын дамытуға бағытталған 12 ірі жобаны жүзеге асыру жоспарланған.

Қазақстанда да әуежай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан бағдарлама аясында соңғы үш жылда жеке инвестициялар есебінен Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа терминалдар пайдалануға берілді.

Нәтижесінде аталған әуежайлардың жиынтық өткізу қабілеті 6,5 есеге артып, жылына 23 миллион жолаушыға жеткен.

Сонымен қатар 2026 жылдың соңына дейін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында үш жаңа әуежайдың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Елімізде бірқатар ұшу-қону жолағы мен аэродром кешені жаңғыртылып, әуе бағыттарының желісі кеңейтілген және қосымша рейстер іске қосылған.

Осылайша, Қазақстан Орталық Азиядағы жолаушылар әуе тасымалы нарығындағы жетекші орнын сақтап, өңірлік авиация инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріп отыр. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға, өңірлер арасындағы көлік байланысын нығайтуға және экономикаға қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Азамат Қойшығара
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ түлегі. Журналистика саласында 16 жылдан бері еңбек етіп келеді. Аймақтық, салалық, республикалық басылымдарда, интернет-порталдарда т...
Автордың басқа материалдары →