Қазақстан мен Қатар арасындағы ынтымақтастық туралы айтқанда маңызды бағыт ретінде энергетика саласындағы бірлескен жобаларға назар аударған дұрыс. Яғни, екі ел саяси диалогты нығайта отырып, инвестициялық байланыстарды кеңейтуге мүдделі.
15 - қазанда Бакуде өткен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің саммиті аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, көпсалалы серіктестікті нығайтуға, бірлескен инвестициялық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыруға назар аударды.
Жалпы, Қатарлық капиталдың Қазақстан экономикасындағы нақты жобаларға қатысуының бір мысалы ретінде Power International Holding компаниясымен ынтымақтастық алдыңғы орынға шығады.
Ынтымақтастық аясында Қашаған кен орнында жылына 1 млрд және 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін екі зауыт салу көзделген. Бірінші зауыттың құрылысы жүріп жатыр, оны 2027 жылы іске қосу жоспарланған. Екінші зауытты 2030 жылы аяқтау межеленген.
Сонымен қатар "Бейнеу – Бозой – Шымкент" магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы жүзеге асырылуда. Оның бірінші кезеңін 2027 жылы, екінші кезеңін 2029 жылы аяқтау жоспарланған. Бұл жобалардың маңызы газ өңдеу қуатын арттырумен ғана шектелмейді. Олар Қазақстанның газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытуға және энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Дегенмен жоспарланған мерзімдердің сақталуы, өндірістік қуаттардың уақытында іске қосылуы және жобалардың экономикалық тиімділігі негізгі көрсеткіш болып қала береді.
Жалпы, Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестициялық ынтымақтастықтың негізі бұрыннан қалыптасқан. 2024 жылғы ақпанда Президенттің Қатарға сапары кезінде жалпы құны шамамен 18 млрд АҚШ долларына бағаланған 12 коммерциялық құжатқа қол қойылғаны белгілі. Әлбетте, бұл сома іске асқан инвестиция көлемін емес, қол қойылған құжаттардың жалпы құнын білдіреді.